Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 3 просмотра

Жылыту маусымының жұмбағы мен жауапкершілігі

Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келеді. Қазірдің өзінде кейбір аймақта күзгі ызғар еселеніп, ел сандықтағы қалың киімін шығарып үлгерді. Үйдің ішінде де қоңылтақсып, суықтан бүрсең қаға бастағанда батареяларға қол жүгіртіп қоятынымыз бар. Ал жауапты мекемелер жылу маусымына дайын ба? Үкімет басшысы бірер апта бұрын бұл мәселеде күрмеуі көп, түйткілі шешілмеген аймақтардың барын айтып, процесті жылдамдатуды тапсырған еді. Атқарылған жұмыстар аз деуге келмес. Бас-аяғы 384 миллиард теңгеге бірнеше энергоблок, қазандықтар мен турбиналар күрделі жөндеуден өтіпті.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Қыстың қамын жаз ойла. Жылыту маусымы жақындаған сайын жауапты мамандардың да жұмысы қыза түседі. Өйткені қыс қандай болатыны, ауа райы қаншалық қатал болатыны белгісіз. Сондықтан негізгі мәселе біреу: төтенше жағдайларға қаншалық дайынбыз? Ақтүтек боран ұйытқып, сықырлаған сары аяз сүйектен өтіп, алқымнан алса қайтеміз? Өткен оқиғалардан қандай сабақ алдық? Биыл жылу маусымын тұрақты өткізу үшін қандай жұмыстар атқарылды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Өткен жылыту маусымын қауіп-қатерсіз өткіздік. Апаттың ауылынан сақтасын, әрине. Бірақ қыстың жөні бөлек. Оның үстіне, қазір елдегі тұрғын үйлердің сапасы әртүрлі. Бірінің қабырғасы қайысып, шатыры сыр беріп тұрса, енді бірі жылтырап, күтімі келісіп, қауырт мезгілді алаңсыз қарсы алуға дайын. Біз де бас қаланың оң жағалауындағы осыдан 14 жыл бұрын бой көтерген көпқабатты тұрғын үйге ат басын бұрдық. Бірақ мұнда көргеніміз көңілдегіден мүлде бөлек болып шықты. Құрылыс сапасы өз алдына, жылу жүйелерінің жайын көрсеңіз, таңдай қақпай тұра алмайсыз. Себебі бұл үйдің тұрғындары үшін өткен-кеткеннің әрқайсысы сабақ болыпты.

ДИНАРА СЕРІКОВА, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

2021 жылы осы үйден пәтер алып, қоныстандым. Ол кезде жай тұрғын болатынмын. Кенет 30 желтоқсанда жылу жүйесіне тікелей жауапты насос істен шығып, пәтерлер әп-сәтте салқындап, қатып қалды. Аязды күні не істерімізді білмей, әкімдікке, төтенше жағдай қызметіне, бәріне хабарласып, түн ішінде шақырдық. Кейін арпалысып жүріп таңға дейін жылу қосылды. Мұның бәріне жауапты пәтер иелерінің кооперативі мүлде жөндеу жүргізбеген. Әсіресе апат кезінде пайдаланатын бірде-бір резервтік насос болмаған. Осы жағдайдан кейін мен үйдің мәселелеріне белсенді араласып, шешімдер ұсына бастадым. Осы жұмыстардың нәтижесінде халық маған сенім білдіріп, төраға болуды ұсынды.

Бұл көрініс есте шығар. 2022 жылы Екібастұздағы мыңдаған тұрғынның жылусыз қалған күндері. Тұрғындар апталап дірдектеп отырды. Әйтеуір жалпақ жұрттың жәрдемімен, жылытқышқа сүйеніп отырып жан бақты. Риддер мен Кентаудағы жойқын апаттар да қоғамды дүр сілкіндірген еді. Аязды күндерде жұрттың жылу іздеп сабылғаны естен кетпейді. Содан бері бұқара қыстың ауылы жақындай бергенде «апат тағы қайталанбас па екен» деп іштей алаңдайды. Ал жауапты министрлік болса, қазір жағдай түзелгенін айтады.

ҒАБИДЕН ҒАУАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Екібастұз, Риддер, Кентау қалаларында соңғы 3-4 жылда үлкен көлемді жұмыстар атқарылды. Өз кезегінде тозу көрсеткіші 3-4 жыл бұрын 75% орта есеппен құраса, қазіргі таңда 45% көлемінде.

Жыл сайын ескі құбыр жаңарып, жылу желісі жөнделіп, тозған тұс түгенделеді. Биыл да дәстүрлі тірлік жалғасып жатыр. Бірақ бұл жолы құбырмен бірге жасанды интеллектіні де жүзеге асыруда. Павлодарда жылу желілерінің «цифрлық егізін» жасау қолға алынған.

ЖАНАТ СЕМЕНОВ, «ПАВЛОДАР ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ» ЖШС ПАЙДАЛАНУ ЖӨНІНДЕГІ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Егер қысым немесе температура төмендеп, магистральдық желіде ақау пайда болса, диспетчерлік қызметке бірден хабарлама келеді. Экранда тиісті белгі көрсетіледі. Осылайша біз бригаданы нақты қай жерге жіберу керектігін біліп отырамыз. Бұл тиісінше жылдам әрекет ету уақытын үнемдейді.

Мінезі қатал, аязды күндері шыдас бермейтін Петропавл да барынша дайындалып жатыр. 20 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Себебі шаһардағы желілердің 80 пайыздан астамы әбден тозған. Жылдар бойы жамалып-жасқалған құбырлардың әлсіз тұсы көп. Сәйкесінше, бірнеше магистральда жөндеу жүріп жатыр.

ДМИТРИЙ ЗАХАРОВ, ЖЭС-2 ДИРЕКТОРЫ:

Жылу маусымын бастауға бес қазандық пен бес турбина жеткілікті. Бізде алғашқы күннен сегіз қазандық, алты турбина іске қосылады. 30 қыркүйекке дейін тағы екі қазандықтың жөндеуін аяқтаймыз. Сонда қысқа он қазандық пен алты турбина толық әзірлікпен кірмек.

Жалпы елдің басым бөлігі етек-жеңін жинап, сақадай сай отыр. Алайда ақ ұлпа қыр астында тұрғанда санаулы өңірде жылу беру маусымына дайындықтың соңғы нүктесі әлі қойылмаған. Апта басында Үкімет басшысы әкімдерге осы жұмысты ширатып, салғырттыққа жол бермеуді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Аталған өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногорск, Петропавл қалаларында жылу желілерін іске қосуға баса назар аудару қажет.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, шаруаға қарқын қосып, бәріне үлгереміз деп отыр. Әйтеуір қажет кезде қазандықтар қыз-қыз қайнап тұрады деп уәдесін берді.

ҒАБИДЕН ҒАУАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАДАҒАЛАУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Ол өңірлерде қыс мезгілі алдағы қазан айының біріне қарай жоспарлануда. Өз кезегінде жұмыстар осы аптаның соңына дейін, алдағы аптаның басына дейін аяқталуға жоспарланып отыр.

Жаздан бері энергетиктер қыс қамына кірісіп, стансалар мен агрегаттардың жай-күйін тексеріп, сүзгіден өткізді. Сөйтсе, жұмыс аз емес екен. Есеп-қисап жасалып, тозғанын түлетуге, істен шыққанын қалпына келтіруге 384 миллиард теңге қажет болған. Бұл қаржыны энергия нысандарының меншік иелері бөлді, былтырғыдан 9 пайызға артық. Қаражаттың қайда жұмсалғанын айтсақ, 9 энергоблок, 55 қазандық пен 51 турбина күрделі жөндеуден өтіпті.

Ал осының бәрі ақыр соңында қарапайым тұрғынның үйіне жылу болып жетеді. Оның қалай өндіріліп, қалай таратылатынын білу үшін елордадағы екінші жылу электр орталығына ат басын бұрдық.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Біз дәл қазір Астанадағы ЖЭО-ның турбиналық цехында тұрмыз. Көз алдымыздағы мына алып қондырғылардың көмегімен қалаға қажетті жылу мен электр қуаты тарайды. Жалпы бұл процесс қалай жүргізіледі?

НҰРТІЛЕК ҚАЗИХАН, БАС ИНЖЕНЕР:

ЖЭО-ның ең басты процесі көмірдің келуінен басталады. Көмір келіп, вагондармен төңкеріледі де, содан кейін котелға беріледі. Котелда көмір үгітіліп, шаң түрінде котелдың өзінің форсункаларымен келіп, сондағы суды қыздырады да, буға айналдырып, буды одан әрі қыздырып 555 градусқа дейін және 140 атмосфера қысыммен сол бу турбинаға беріледі. Турбина будың әсерінен айналып, әрі қарай генераторды айналдырады. Ал бұл генератор осы біздің қалаға беріп отырған электр энергиясын шығарады.

Мұндағы қызу тірліктің, қайнаған еңбектің ар жағында мыңдаған жанның маңдай тері жатыр. Күн-түн демей тыным таппай жүрген мамандардың бейнеті ел-жұрттың қыста үйінде арқаны кеңге салып, алаңсыз отыруы үшін. Қазір алып Астананы энергиямен қамтып отырған үш жылу электр орталығы бар. Одан бөлек, елдегі өзге нысандардың ахуалы да біртіндеп түзеліп келеді. Бұған дейін «қызыл аймақта» тұрған 19 жылу электр орталығының бүгінде бесеуі ғана қалған. Олар — Семей, Орал, Тараз, Ақтау қалаларындағы жылу электр орталықтары және Теміртаудағы №1 мемлекеттік аудандық электр станциясы. Тағы бір айта кетерлігі, 2030 жылға дейін Қазақстанда тағы төрт жаңа жылу электр орталығын салу жоспарланған. Мұның негізгі мақсаты – тіршіліктің тамырына қан жүгіртетін электр энергиясын өндіріп, одан бөлінген жылу қуатын халық пен өндірістің игілігіне бағыттау. Ескеретін жайт, мұндай стратегиялық нысандардың негізгі көзі – электр қуаты.

ӘМІРХАН ДУЛАТБАЕВ, ЭНЕРГЕТИК:

Көпшілік жылу электр орталығы десе, бірден жылу өндіретін нысанды елестетеді. Бірақ оның негізгі жұмысы — электр энергиясын өндіру. Яғни отынды жағып, ең алдымен электр қуатын аламыз. Сондықтан ЖЭО-ның тұрақты жұмысы — қаладағы жарықтың сөнбеуі, өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін аса маңызды.

Енді тариф мәселесіне ойыссақ. Қыс жақындаған сайын халықтың қалтасына салмақ түсіретін осы коммуналдық төлем. Жылу керек, әрине, бірақ оның ақысы да жұрттың шамасына қарай болғаны жөн. Сондықтан тариф те жайдан-жай белгіленбейді. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитеті кәсіпорындардың шығынын жіті қарап, әр теңгенің есебін таразылаймыз деп сендірді.

АҚТӨРЕ ДИДАРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Әр тариф жеке қарастырылады. База монополисте өзіміздің жергілікті департамент бекітетін болып келеді. Көп жағдайда негізделген материалдарға қарап, инвестициялық керекті бағдарламасына байланысты тарифтердің деңгейі әртүрлі болып келеді.

Тариф көтерілуі мүмкін, бірақ оның қайтарымы да болуы керек. Әңгіме ақшаны қайтарып беру туралы емес, халық төлеген әр теңгенің нақты нәтижеге айналуы жайында. Осы мақсатта елімізде «тарифті инвестицияға айырбастау» тетігі қолға алынған. Мұндағы ең қарапайым инвестор сол қызметті тұтынып отырған тұрғынның өзі. Яғни халықтың қалтасынан шыққан қаржы жылуға, жөндеуге, жаңарған желіге, қысқасы көзге көрінетін іске жұмсалуы тиіс. Ал нәтиже болмаса, тұтынушы талабын ашық айтып, шағымдануына негіз бар.

ТҰРСЫН ЖАҚПАРОВА, ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША БАС САРАПШЫ:

Біз Қазақстан бүгінгі күнгі электронды дамыған мемлекет болып саналамыз. Жаңағы e-өтініш арқылы әр тұтынушы арыз жіберсе, мемлекеттік органға мейлі монополистің өзіне. Не себептен тариф көтеріліп отыр? Инвестиция ма, онда көрсетіңдер, оның алдында көтерілді ғой. Сонда ол инвестиция ғой. Не істедіңдер, қандай ТЭЦ жөнделді, қандай ақша кетті? Ол заңнамада рұқсат берілген тұтынушыға.

Бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен экономист маманның пайымынша, тарифтің өсуі тек коммуналдық төлеммен шектелмеуі мүмкін. Оның әсері басқа тауарлар мен қызметтердің бағасына да тиіп, инфляцияны қозғауы ықтимал.

ҚАЙРАТ БОДАУХАНҰЛЫ, ҚАЗАҚ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Тарифті көтереміз, белгілі бір дәрежеде инфляция өседі. Ал халықтың жағдайы қалай болады? Зейнетақы қалай өседі? Жалақы қалай өседі және әлеуметтік топтар бар, үнемі мемлекеттік қолдауындағы. Ол топтардың мәселесі қандай болады? Ең бірінші көтерілетін азық-түліктің бағасы. Тарифті көтеру арқылы коммуналдық жүйені жөндетеміз деген бірінші талап емес.

Қыс қателікті кешірмейді. Бір ғана бұралмаған бұранда немесе жамалмай қалған жарықшақ тұтас бір қаланың берекесін қашыруы мүмкін. Мұны Екібастұз бен Риддердің мысалынан көрдік. Биыл бөлінген миллиардтар мен «тариф орнына инвестиция» бағдарламасы сол олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар. Өйткені бұл жердегі басты инвестор – қалтасынан жылудың ақысын төлеп отырған қарапайым халық. Ал халықтың ақшасы далада қалмай, үйімізге жылу болып оралуы жауаптылардың тікелей міндеті. Бастысы, уәде етілгендей, қазандықтар қайнап, жүйе сыр бермесін деп тілейік.

← Все новости