Перейти к содержимому
· 13 просмотров

Қазақстанды алтын жүлдеден айырды

Құрамамызды аяқтан шалды. Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында жерлесіміз Ясмина Тоқсанбаева марафондық спорттық жүрістен тарихи медаль еншілеген еді. Жай жүлде ғана емес, желаяғымыз жарыстың басты фавориттерін артқа тастап, құрлық рекордын жаңартып, чемпион атанған-ды. Алайда ұйымдастырушылар табан астында отандасымыздың киген аяқ киімін тексеріп, оның талапқа сай еместігін анықтаған. Нәтижесінде қоржынымыздағы оныншы алтын медаль сусып кетіп, жеңімпаз жүлдесіз қалды. Оның ереже бұзғаны туралы жарыс қожайындары шағым түсірген екен. Себебі Жапония өкілі жүлдеге таяқ тастам жерден тоқтаған. Тексеру қорытындысына сәйкес, алтын мен күміс Қытай өкілдеріне, қола Жапонияға бұйырды. Ал құрамадағы бұл келеңсіз оқиға туралы Ұлттық Олимпиада комитеті мынадай пікір білдірді.

ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН:

Жарыс аяқталғаннан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес, әйелдер мен ерлер арасында жүлделі орындарға ие болған үш спортшының аяқ киімі міндетті тексеруден өтеді. Тексеру барысында техникалық делегаттар Қазақстан өкілі Ясмина Тоқсанбаева пайдаланған аяқ киім үлгісінің World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екенін анықтады. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасына тиісті өзгеріс енгізіледі.

Есіл еңбегі далаға кетіп, тауы шағылған жерлесіміз көзіне жас алып, жанкүйерлерден кешірім сұрады. Отандасымыз мұндай жағдаймен бұрын-соңды бетпе-бет келмегенін айтты. Сондай-ақ биыл көктемде ғана Бүкіләлемдік жеңіл атлетика қауымдастығы марафонға арналған аяқ киімдердің де үлгісін жаңартып жіберген. Бұл ережені Ясмина Тоқсанбаева мен бапкерлер естімедік деп отыр. Десе де, Жеңіл атлетика федерациясы 42 шақырымды артқа тастап, жүлдеден қағылған Ясминаға жеңімпазға тағайындалған сыйақыны төлейміз деп отыр.

ЯСМИНА ТОҚСАНБАЕВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Неге екені белгісіз, дәл осы жарыста бізді ешкім тексермеді. Атлеттер кез келген сайысқа қатыспас бұрын мамандар аяқ киімді қарап шығады. Мәселен, қарапайым ел біріншілігінде де мұндай тәжірибе бар. Алайда Жапонияда бірден марафон басталып кетті. Әрине, 42 шақырымды еңсеріп, дымсыз қалған ауыр тиді. Мен үшін тақым қысқан барша жанкүйерге алғысым шексіз. Бұл жүлденің орны ерекше еді. Азия рекордының қаймағын бұзып, әлемде төртінші нәтиже тіркеген едім.

← Все новости