Перейти к содержимому
· 11 просмотров

Шошқа дауы: шешім жоқ!

Тараздың тұрғыны тілшілерге тас жаудырып, журналистердің басын жармақ болды. Қайта қоршаудың артына тығылып үлгергендеріне тимей қапты. Бұл үйге біз секілді қарапайым жорналшы тұрмақ, шенді-шекпенділердің өзі бас сұға алмайды екен. Шошқа асырап, айналаны мүңкіткен, жақындаған жұрттың бәрін үркіткен, қысқасы, бір ауласы бір ауылға мұң болған тұрғын жайлы тыңдаңыз.

Тұрғынға сасық иіс, тілшіге тас, шенеунікке жабық қақпа. Тараздағы бір ауланың мәселесі тұтас Шөлдала тұрғын алабының мазасын қашырды. Әлеумет үш жылдан бері қолқаны қабатын жағымсыз иіске тұншығып, таза ауамен тыныстаудан қалған. Әсіресе кешкі уақытта терезе ашудың өзі мұң дейді. Оған қоса, маңайдағы доңыздардың дауысы да жұртты әбден мезі еткен.

ГҮЛБАНУ АДАМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Иіске шыдау мүмкін емес. Шошқаның иісіне ше! Не далаға жата алмаймын, не үйге кіре алмаймын. Есікті ашсаң, үйге кіреді. Не қонақ шақыра алмаймыз. Бүткіліне айттық. Ешқайсының қолынан келген жоқ. Келген жағдайда санитарлық жауапқа сай деді де, кетіп қалды. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, иісі қалай шығып жатқанын.

Ал шошқа асыраған жан ауласына адам баласын жолатпады. Торайдың есебін сұрап, шарбақтан доңызды көрмек болған көршісін де, тілшілерді де таспен қуалады. Абырой болғанда, кесек адамға тимей, ешкім жарақат алмады. Ал қақпаға жақындағандарға: «Менде бәрі заңды», – деп тойтарып салды.

ҮЙ ИЕСІ:

На каком основании вы ко мне должны на территорию заходить? Участковый не имеет права, а вы кто? У меня всё юридически. Все документы поднимайте у ветеринаров. Акимат здесь уже был.

Мына бейнежазбаны тұрғындар ұялы телефонына тығылып жүріп таспалаған. Бұл видеодан 20-ға жуық торайды көруге болады. Бірақ бұқара мұның саны бұдан көп болуы мүмкін дейді. Өйткені жағымсыз иіс бір емес, бірнеше үйді жайлап кеткен.

МАРИЯ ИВАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз бірнеше рет комиссия шақырдық. Ал ол болса, өзін осылай ұстайды. Айқайлайды, бақырады да қояды. Ешкімді кіргізбейді. Мына иісті өздеріңіз де сезіп тұрсыздар ма? Қазір осындай, ал жазда тіпті сұмдық. Күн ысығанда тыныстау мүлде мүмкін емес.

Шөлдаладағы шошқа дауы жергілікті биліктің де бас ауруына айналғанға ұқсайды. Өйткені атқамінерлер бірнеше мәрте келіп, қақпадан әрі аса алмапты. Тиісті құжаттарын талап етсе де, айқайға басып, тұрғын қарсылық көрсеткенін жеткізді. Енді мәселенің шешімін облыстық мәслихаттан күтіп отыр екен. Сондықтан тек ескерту беріп, айыппұл салудан басқа амал жоқ, – дейді әкімдік өкілі.

ЖАРАС АЛТЫНБЕКОВ, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Шаруа қожалық деген құжатын талап еткенбіз. Бірақ құжатын ұсынбады. Қазір учаскелік полициямен тағы да шара қабылдаймыз. Ескерту береміз, штраф саламыз. Қанша мәрте штраф салдық.

Әлеумет аталған мәселені аудан әкімдігі мен учаскелік полиция шеше алмаса, енді облыс басшысына жүгінбек. Әйтпесе келіп-кетуден әріге аспаған әрекетке қарап, мүңкіген иістің ортасында қаламыз деп ашуға булығып отыр.

← Все новости