Елімізде бала туу көрсеткіші соңғы 2-3 жылда күрт төмендеп кеткен. Мұны біз емес, Ұлттық статистика бюросы айтып отыр. Жастар шаңырақ көтергенімен, ата-ана болуға асықпайтын көрінеді. Бірі мұны өмірдің құндылығы өзгерді деп жатса, енді бірі жағдайдың жоқтығы мен жұмыстың көптігін сылтауратып жүр. Қазақ қоғамына біртіндеп еніп келе жатқан бұл үрдіс осылай жалғаса беретін болса, халық саны азайып, демографиялық ахуалымыз асқынбай ма?
ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:
Соңғы 10 жылдықта бала туу көрсеткіші 16 пайызға төмендеген. Сандарға сенсек, 2015 жылы 400 мыңға жуық сәби дүние есігін ашса, 2025-те небәрі 335 мың нәресте өмірге келген екен. Мұны көпшілік заманның талабы, қалыпты жағдай десе, енді бірі тұрмыстың төмендігімен байланыстырады.
Адам жанын зерттеп жүрген мамандардың сөзінше, жастардың ата-ана болуға асықпауы – қалыпты үрдіс. Себебі жұмыр жұдырықты жігіттердің қыз балаға қол көтеріп, отбасының тіреуі бола алмауы қыз-келіншектердің балаға деген көзқарасын өзгертуде. Яғни отбасында береке-бірлік болмаса, өмірге сәби әкелудің де мәні жоқ дейтіндердің саны артқан.
БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:
Отбасының арасында келіспеушіліктер болып жатса, ер адамдардың болмаса әйел адамдардың тарапынан зорлық-зомбылық бір-біріне көрсетілетін болса, отбасылық атмосфера бұзылатын болса, әрине, ол кезде барлығына ой туу мүмкін. Болашаққа сенбейтін болса, ертең біз жақсы отбасы болып өмір сүреміз бе, әлде осылай жалғаса бере ме деген ой туатын болса, әрине, баланы өмірге әкелу сұрағы өзекті болып тұрады. Қажет, қажет емес деген сұрақ таразыға салынады.
Ал қоғам белсенділері мұндай ұстаным қазақ қоғамына біртіндеп еніп келеді дейді. Өйткені көпшіліктің құндылықтары өзгерген. Яғни ұрпақ өрбітудің орнына материалдық жағдайды бірінші орынға қояды.
МАРҒҰЛАН ЕРМҰХАМБЕТҰЛЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Соңғы инфляция, жұмыссыздық мәселесі, бағаның күрт өсуі де тікелей әсер етеді. Өйткені адамды бірінші тұрмыс билейді деген сөз бар ғой. Жастарға, мүмкін, менің ойымша, осындай факторлар әсер етуі мүмкін. Балаға инвестиция дейді ғой, мысалға. Оны көбісі таза материалдық құндылықтармен есептейді. Яғни баланы қымбат мектепке, қымбат киім, қымбат айфон, қымбат оқу орталықтарына дейді. Бұл инвестицияны біз бірінші руханияттан бастауымыз керек.
Бұдан бөлек, жас отбасылардың арасында жүктілікті арнайы жоспарлайтындардың саны артқан. Яғни қатар-қатар бала тумас бұрын, ана мен баланың денсаулығына бас мән береді.
АҚТОТЫ ШӘЙМЕРДЕНҚЫЗЫ, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ:
Статистика бойынша, Қазақстанда ресми деректер бойынша ана болу орташа жасы 29-30 жас. Яғни ана атану жасы бізде ұзарған. Саналы түрде жоспарлайды қазіргілер. Себебі әлеуметтік фактор дейміз. Оқиды, мансап қуады, экономикалық тәуелсіздік ізденеміз. Ертерек құрса да, жаңағыдай оқып алайын, мынаны бітіріп алайын деп, бірінші мақсатқа сондай мәселені қойып, барлығын шешіп алған соң кейін жоспарлайды.
Қыз-келіншектердің кеш ана атануы мен ер азаматтардың үйленуге асықпауы шетелде үйреншікті жағдай. Дегенмен де ұрпақ жалғастыру – тек бір отбасының емес, тұтас халықтың болашағы екенін естен шығармаған жөн дейді мамандар.