Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Биылғы астықтың жайы қалай?

Ауыл шаруашылығы техникаларының 70 пайызы тозған. Бұл туралы елімізде басты саланың вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті. Егін жинау науқаны аяқтала келгенде атқамінерлердің айтқаны елдің есін алғаны рас. 24 миллион гектардан алынған өнімді қамбаға құя алмай қиналып қалмаймыз ба? Қуаңшылық қысқан өңірлердегі егіннің түсімі қалай?

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

 «Балапанды күзде санайтыны» секілді, қамбаға түскен астықтың мөлшерін таразыға тартып, сапасын саралайтын кез де келді. Биыл алып алқаптардан алапат өнім аламыз ба деген сұрақ көптің көкейін күпті қылды. Өйткені солтүстік пен орталықты қуаңшылық жайлап, шаруалардың шаужайынан қақты да отырды. Дегенмен ерте көктемнен аймаңдай кетпенмен атыздан шықпаған диқандардың күтімі жақсы болғасын, егіннің түсімі де тәуір.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Жалпы дәнді дақылдардың жалпы түсімі көпжылдық орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжануда. Күтілетін астық көлемі азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Ал қазақ даласындағы егіннің піскенін, қамбаға түскенін күтіп отырған елдер көп. Шаруалардың шалғысынан шыққан өнімді сатып алатындардың қатарында экономикасы қуатты Қытай да бар. Сол себепті астық экспортын арттыру үшін темір жолдарды дамыту жүйелі жүргізіліп жатыр.

ЖӘНІБЕК ТАЙЖАНОВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Негізгі шекаралық бағыттарға тоқталайын. Орталық Азия елдеріне тасымал 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға өсті. Ресей порттары арқылы тасымал 9 пайызға артты. Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қазір еліміз бойынша 15 миллион гектар алқаптың 83 пайызы игеріліпті. Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында 95 пайызға жеткен. Сақтауға түскен жұмсақ бидайдың жетпіс пайызы сапалы. Шаруаларды ерте қаржыландырудың арқасында шекеміз шылқып отыр. Дегенмен диқандарды діңкелеткен мәселе көп. Техника тозған, дизельді отын мақсатсыз жұмсалып жатыр екен. Мұны Олжас Бектенов те түйреп өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мына слайдта көрсетілген, 24 жылы бақылауды күшейттік. Соның арқасында 21 пайызға төмендеді тұтыну көлемі. Оны әрі қарай жалғастыру керек. Әйтпесе мақсатсыз пайдалану бар. Солай ғой? Иә, Олжас Абайұлы. Қазіргі күні біз осы шараларды қолданып келе жатырмыз.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Содан соң Үкімет басшысы елдің бас қаласында отырып, астықтың Астанасындағы ахуалды тыңдады. Өзге өңірлердегі жағдаймен танысты. Су үнемдеу технологияларын қолданатын алқаптардың көлемін ұлғайтуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жанармайдың үздіксіз жеткізілуін, сондай-ақ отын қорын бақылауда ұстасын. Қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыру қажет.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:

Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер. Сондықтан өнім мол болсын десек, жерді сүрлендіріп, тыңайтқышын түгендеп, қыруар шаруаны ширатқан ләзім. Ал ескірген техниканы айтып жыл аяғында ес кірген жауаптылар жыл сайын 5-6 пайызын жаңалап келеміз деп сендірді. 

← Все новости