Перейти к содержимому
· 16 просмотров

Қорғаныс саласындағы тексеріс жайы баяндалды

Қорғаныс саласына түбегейлі тексеріс жүргізу қажет. Осыдан бір апта бұрын Президент осындай пәрмен берген еді. Бүгін Жоғары аудиторлық палата төрағасы соған байланысты есеп берді. Әлихан Смайылов алдымен министрліктің бюджетіне қатысты жоспардан тыс жүргізіліп жатқан аудит туралы айтты. Ауқымды тексеріс 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды. Сол үшін арнайы топ жасақталыпты. Олар әскери бөлімшелердің материалдық-техникалық ахуалын, жеке құрамның даярлығын, әскери оқу-жаттығу жиындарының өткізілуін, әскери инфрақұрылымның дамуын жіті қадағаламақ. Сондай-ақ Президентке аяқталған аудит нәтижелері де таныстырылды. Соның аясында Үкімет пен жауапты органдарға 50 шақты ұсыным жолданыпты.

Содан соң Мемлекет басшысы Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігін тексеру үшін құрылған арнайы комиссияның да есебін тыңдады. Олар әскери салада біраз түйткіл қордаланып қалғанын жеткізді. Мысалы, Каспийдегі қазадан соң жүргізілген алдын ала тергеу іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсеткен. Қазіргі уақытта мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану және Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдарда болған заңбұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған.

← Все новости