Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Оманмен жаңа жобаларға жол ашылды

«Алтын Қыранды» арабтар алып кетті. Екінің біріне бере бермейтін ең мәртебелі мемлекеттік наградалардың бірін бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапарлап келген Оман Сұлтанының кеудесіне тақты. Инвестициядан бастап көлік қатынасына дейінгі бірнеше саланы қамтитын сегіз құжатқа қол қойылған нәтижелі кездесу қалай өтті?

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты Тәуелсіздік сарайында салтанатты түрде қарсы алды. Бұл — Сұлтанның Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Рәсімде екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, құрмет қарауылы сап түзеді. Салтанатты қарсы алудан кейін Қазақстан мен Оман басшылары келіссөз өткізді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Оманның дипломатиялық қарым-қатынасына биыл 34 жыл толды. Осы уақыт ішінде қалыптасқан саяси диалог енді нақты жобалармен толығып келеді. Бүгінгі келіссөздер екі елге ортақ бастамаларды ілгерілетіп, ынтымақтастыққа жаңа бағыт ашты.

Келіссөз қорытындысында тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдап, сегіз құжатқа қол қойды. Олардың қатарында инвестицияны өзара қорғау және әуе қатынасы туралы келісімдер бар. Қаржы саласындағы ынтымақтастық, Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру, геологиялық барлау және Еуразиялық даму банкінің Оман аумағында жұмыс істеу шарттары да құжаттарда қамтылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Қол қойылған құжаттардың бір бөлігі ортақ инвестиция мен нақты жобаларды жүзеге асыруға арналған. «Самұрық-Қазына» мен Оманның ұлттық инвестициялық қоры бірлескен инвестициялық құрылым құруға келісті.

Әріптестіктің әлеуеті инвестициямен ғана шектелмейді. Энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, технология және жасанды интеллект салаларындағы мүмкіндіктер де талқыланды. Қазақстанның құрлықтағы көлік дәліздері мен Оманның теңіз порттары бірін-бірі толықтыра алады. Бұл отандық өнімді Парсы шығанағы мен өзге де нарықтарға жеткізуге жол ашуы мүмкін.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Ал Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қазақстан Президентіне Оманның ең жоғары мемлекеттік наградасы — Әл Саид орденін табыстады. Жоғары деңгейдегі келіссөздер мен қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы достықты бекемдеп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға негіз қалады.

← Все новости