Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Жамбылдық оқушы досының қолынан қаза тапты

Жамбылда 10-сынып оқушысы өзге емес, досының қолынан қаза тапты. Бір сынып жоғары оқитын жеткіншек кіші балаларды тәртіпке салмақ болып, жұдырық жұмсаған екен. Ауыр соққыға шыдамаған жасөспірім есінен танып құлайды. Құрдастары оның бетіне қанша су шашса да, оята алмапты. Жедел жәрдем жеткенше жасөспірім жан тапсырған.

ДӘУРЕН ДОНДЫРБАЙ, ТІЛШІ:

Марқұмның туған-туыстары қайғылы оқиға дәл осы аумақта болғанын айтады. Олардың сөзінше, жоғары сыныптың ұлдары кіші балаларды қатарға тізіп, жұдырықтың астына алған. Қатты соққыдан жас жеткіншек сұлап түскен. Содан кейін есін жимай, жан тапсырыпты.

15 жасар оқушы үш күн бұрын далаға шығып, достарымен доп ойнау үшін үйдегілерінен сұраныпты. Өтінген соң, көңілін қимай, ата-анасы амалсыздан әрең жіберген. Алайда арада бір жарым сағат өтпей жақындарына суық хабар жеткен. Ауылдағы ағайын жасөспірімнің жерде ес-түссіз жатқанын байқапты. Әкесі жетем дегенше денесін суық ала бастаған.

ЕРТАЙ ҚОНЫСБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Балалар стадионда доп ойнап жатып құлап қалды деп жедел жәрдем шақырған екен. Негізі бір бала 2009 жылғы, сол бір соққымен көкіректен ұрып, ауа жетпей құлаған екен сол жерде. Жүрек тұсынан ұрды ма, білмеймін ғой енді.

Мият десе жаны қалмайтын досының мұндай іске барғанына марқұмның әке-шешесі әлі де сене алар емес. Көрген сайын сәлемі түзу еді. Ұлыммен жақсы араласатын, — деп қайғырды анасы. Енді олар ауылдас болған соң кешірім бермекші.

ӘЙГҮЛ АБЗАЛИЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Қасында тұрдық, жете алмадық баламызға. Жатты тура көз алдымызда. Еш нәрсе істей алмадық. Жылағаннан басқа не істейміз? Болды. Басқа еш нәрсе істеген жоқпыз. Балаларымызға кесірі тимесін деп кешірім береміз. Не істейміз енді.

Аудандық білім бөлімі тәртібі мен үлгерімі жақсы баланың жұдырық жұмсағанына аң-таң. Бірде-бір іс-шарадан қалмайтын оқушының мұндай теріс қылығы бұрын болмағанын айтады. Енді істің ақ-қарасын құзырлы орган анықтайды деп отыр. Ал құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауданда жүйелі түрде түрлі акциялар өткізіледі екен. Бірақ өз нәтижесін бермей тұрғанға ұқсайды.

ҚҰРАЛАЙ ӨСКЕНБЕКОВА, БАЙЗАҚ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Білім беру мекемелерінде осы жанжалдың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Оның ішінде «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында бүгінгі таңда түнгі және күндізгі рейдтік шаралары, ата-аналармен жиналыс, жоғары сынып оқушыларымен жеке-жеке сөйлесу, сынып сағатын өткізу тұрақты бақылауда.

Досын о дүниеге аттандырған 11-сынып оқушысы көп ұзамай қолға түсті. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Енді оның қанша жылға бас бостандығынан айырылатынын сот шешеді.

← Все новости