Алтын көрсе, «ЦОНның» қызметкері жолдан таяды.
Шығыс Қазақстан облысында 15 килограмнан астам құнды металды заңсыз өндірген екі адам сотталды. Қылмысқа қатысы барлардың бірі бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жергілікті филиалында директордың орынбасары қызметін атқарған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотталғандар Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған. Тергеу барысында алтын мен күміс тәркіленді. Заңсыз өндірілген түсті металдың құны 844 миллион теңгеден асқан. Онымен қоса, кен өндірушілер 18 гектардан астам жерді бүлдіріп, табиғатқа 300 миллион теңгеден астам шығын келтіріпті. Сот шешімімен екі азамат та 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 жүк тиегіш және өзге де мүлік тәркіленді.
Ғалымжан Кенжебек