Бақа-шаян қуалап та байып кетуге болады. Бұл не деген батпан құйрық дейсіз ғой? Айына 10 млн теңге төлейтін жұмыс бар екен. Бірақ табысы көп істі дөңгелетіп әкеткісі келетіндер некен-саяқ. Мысалы, ақшаның астында қалу үшін адамдар теңіз шаянын ашық су айдынында аулауы керек. Жұмыс берушілердің кейбірі 4 айға 100 мың еуро төлеуге дайын екен. Мұндай ерекше мамандар Норвегияға қажет. Себебі Скандинавия елдері теңіз шаянын экспорттау бойынша әлемде көшбасшылардың қатарында екен.
НОБЕЛЬ ИЕГЕРЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Жыл сайын тағайындалатын атақты Нобель сыйлығының алғашқы лауреаттарының есімі белгілі. Алдымен жаһандағы медицина, физика және химия бағыттары бойынша толағай жетістікке жеткен ғалымдардың тізімі жарияланды. Сонымен, химия саласындағы жүлде Франция мен Жапония ғалымдарына бұйырды. Париж университетінің профессоры Анри Каган мен Токио университетінің профессоры Кенсо Соаи асимметриялық органикалық синтез бағытында жаңалық ашқан екен. Физика бойынша сыйлыққа бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальзен лайық деп танылды. Ол заманауи нейтринді обсерватория құрастырған. Ал медицина мен физиология бағытындағы жүлде америкалық ғалым Карл Дейссерот пен неміс мамандарына берілді. Айта кету керек, беделді марапаттың сыйақысы 12 млн швед кронына тең. Бұл сома ұлттық валютаға шаққанда шамамен 544 млн теңгені құрайды.
АТАМБАЕВТЫҢ ҰЛЫ СОТТАЛДЫ
Әкесінің артынан ұлы да сотталды. Алатаудың арғы бетінде бұрын ел басқарған саясаткерлердің өздерінен бөлек, үрім-бұтақтарына да тыныштық жоқ. Бішкекте экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы істі болды. Қырғыз социал-демократиялық партиясының жетекшісі Қадыр Атамбаевқа билікті басып алуға дайындалу бабымен айып тағылды. Бұл даулы іс жабық жағдайда қаралды. 33 жастағы Алмазбек Атамбаевтың ұлынан бөлек, заң алдында оның екі сыбайласы да жауап берді. Бір жылға жуық қаралған іске осы аптада нүкте қойылды. Қадыр Атамбаев енді өмірінің 4 жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Былтыр қарашада айыр қалпақты ағайындардың ішкі істер органдары кіші Атамбаев пен оның жақтастарын Бішкекте қолға түсірген екен. Ал Қырғыз елін 6 жыл басқарған Алмазбек Атамбаев 2019 жылы 11 жыл 6 айға сотталып, 2023 жылы денсаулығына байланысты бостандыққа шыққан еді.
ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ
АҚШ-та соңғы 60 жылда алғаш рет әскери қызметкер өлім жазасына кесілді. Қылмыскерге мұндай үкім тағайындау туралы шешімді Ақ үй басшысы Дональд Трамп та құптаған көрінеді. Америка қарулы күштерінің бұрынғы жауынгері Нидал Мәлік Хасан 2009 жылы Техастағы Форт-Худ әскери базасында қарулас достарын жер жастандырған екен. Бір топ жауынгер сол сәтте Ауғанстандағы ұрыс алаңына кетеміз деп, соңғы медициналық тексерістен өтіп жүрген. Қанды оқиғадан АҚШ-тың 13 сарбаздан тұратын элиталы жасағы опат болыпты. Ал аса ауыр қылмысқа барған Хасанды 2013 жылы әскери трибунал өлім жазасына кескен-тін. Бірақ үкім бірнеше жылдан бері кейінге қалдырылып келді. Сот алдында жауынгер әскери жасақтың Ауғанстанға жетуіне кедергі жасауды көздегенін мәлімдеген. Трамптың батасын алған соң бұл процесс жылдам өтетін болды. Қылмыскердің демі биыл 3 желтоқсанда үзіледі.
КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚИРАДЫ
Түркия халқы түнді ұйқысыз өткізді. Себебі бауырлас елдің тұрғындары 2023 жылғы Анадолыдағы зілзаланы қорқынышты түс сияқты ұмыта қойған жоқ. Кеше Ыстанбұлда дәл жер сілкінісіне ұқсас жағдай тіркелді. Ел астанасының Малтепе ауданында 7 қабатты тұрғын үй жермен-жексен болды. Шырт ұйқыда жатқан халық шошып, далаға қашып шыққан. Ал мамандар дер кезінде жетіп, үйінді астынан 6 тұрғынды құтқарған. Тағы 7 адам көмек күтіп отыр. Оларды эвакуациялау жұмыстары әлі де жалғасуда. Ал сап-сау тұрған ғимараттың не себепті құлағаны әзірге белгісіз. Төтенше оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды.