Алматыда мефедрон өндіріп, оны бірнеше өңірге таратқан қылмыстық топтың басшысы Ресейден экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бастап қыжалат болып жүрген жандарды осы іске тартқан. Қалада бірнеше жасырын зертхана жұмыс істеген екен. 2024 жылы солардың бірінде есірткі әзірлеген екі адам химиялық заттан уланып, көз жұмыпты. Алайда олардың өлімін шыбын құрлы көрмеген қаскөй арам ісін тоқтатпай, басқа адамдарды алып, жұмысын жалғастыра берген. Тек полиция біліп қойып, ізіне түскен кезде ғана сыртқа қашып кеткен. Қазір ол тергеу изоляторында. Бар мүлкінен айырылып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Ерлан Жанпейісов мәлімдеді.