Перейти к содержимому
· 11 просмотров

Әлем жаңалықтары

Трамп ауыз салмаған не қалды? Ақ үй басшысы билікке келген бетте Мексика шығанағы мен Онтарио көлінің атауын өзгертіп тастағаны көпшіліктің есінде. Енді 80 жастағы саясаткер америкалықтардың жекеменшік мұхиты болу керектігін айтыпты. АҚШ көсемі адамзатқа ортақ Атлант немесе Үнді мұхиттарының бірін Құрама Штаттардың құрметіне атауды ойланып жүрген сияқты. Жуырдағы сайлауалды жиынға келгендер осыны естіп не күлерін, не жыларын білмеді. Әзіл-шыны араласса да, бұл сөздер айтқаны екі болмайтын азуы алты қарыс Ақ үй басшысының аузынан шыққасын, айналасындағылардың ішкен асы батпай қапты.

ТРАМП УКРАИНАНЫ АЙЫПТАДЫ

Ақ үй басшысы Зеленскийді Ресейдің ірі кәсіпорындары мен мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары үшін қатаң айыптады. Дональд Трамп Украина осы арқылы «бүкіл әлемге бас ауыртатын проблема тауып берді» деп кінәлап жатыр. Себебі бұған дейін ресми Вашингтон Украинаға «бір-біріңді қалай атқыласаңдар да өздерің біліңдер, бірақ қара алтын өңдейтін зауыттарға тиіспеңдер» деп ескерткен екен. Ал жанар-жағармай өндірісі тұралап қалса, жаһандық экономикаға да салмақ түседі. Мәселені тізбектей келе, Трамп Украина халқына президентін ауыстыратын уақыт жеткенін мәлімдеді. АҚШ көсемі жаңа басшы таққа келсе, бейбітшілік таңының тезірек ататынына сенімді. Ал мұхиттың арғы бетінде отырып, бәріне ақыл айтатын саясаткерге ресми Киев те көп ұзамай жауап берді. Олар Украина халқы Зеленскийді қолдайтынын, қажет болса жаңа президентті өздері таңдайтынын мәлімдеді.

АВТОБУС АПАТҚА ҰШЫРАДЫ

Түркияда тағы қайғылы оқиға. Анадолы елінде туристерге лық толы автобус апатқа ұшырады. Маниса провинциясында қоғамдық көлік қатты жылдамдықпен жүк көлігінің тиегішіне соғылған. Салдарынан 11 адам опат болып, 27 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Апат «Гебзе-Измир» автомагистралінің Акхисар қаласының маңында тіркелген. Төтенше оқиға туралы дерек түскен бойда, сол маңайға жедел жәрдем бригадасы мен құтқарушылар құстай ұшып жетіпті. Автобус туристер көптеп баратын Памуккале аймағына бағыт алған екен. Болжам бойынша, көлік жүргізушісі жолды шатастырып, өзіне керек бұрылыстан өтіп кеткен. Дұрыс бағытқа түсу үшін қайтып айналмақ болғанда жүк көлігімен түйісіпті. Оқиғаның мән-жайы мен бақилық болған туристердің жеке басы анықталып жатыр.

МАЙМЫЛ ШЕШЕГІ ӨРШІП ТҰР

Халықаралық қауымдастықты тағы бір індет әуреге сала ма? Қытайдың Гонконг арнайы әкімшілік аймағында маймыл шешегі өршіп тұр. Мәселен, өткен айда өңірде індетті жұқтырған 21 дерек тіркелді. Жалпы, жыл басынан бері 30 адамға қауіпті дерт жабысқан көрінеді. Жергілікті билік алдын алу және бақылау шараларын күшейтіп, екпе көлемін арттырды. Ал маймыл шешегі негізінен Орталық және Батыс Африканың тропикалық аймақтарында таралған сирек вирустық ауру. Дерттің алғашқы белгілері қызу көтерілуімен, әлсіздік, жөтел және теріге бөртпенің шығуымен байқалады. Айта кету керек, Гонконг әлемдегі халық ең тығыз қоныстанған аймақтардың бірі. Мұнда шамамен 8 млн-ға жуық адам тұрады.

АПАТ ӘУРЕГЕ САЛДЫ

Непал халқынан маза кетті. Бұл жолы ел астанасы Катмандуға жақын маңда төтенше оқиға болды. Горкха ауданында құрғақ топырақ көшкіні жүріп, артынан тасқын басталды. Ал таулы мемлекет тамыздың аяғындағы тау көшкінінен әлі ес жия алмай отыр. Қытаймен шекаралас аймақтағы апаттан опат болғандардың саны 1450 адамға жетті. Тағы жүздеген адам із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Табиғаттың тосын мінезінен Непалдың онсыз да шатқаяқтап тұрған инфрақұрылымы толықтай қирады. Елдегі бір ғана білім ордаларын қалпына келтіру үшін 15 млн доллар қажет екен. Билік бұл қаражатты халықаралық гуманитарлық көмек есебінен жабуды көздеп отыр.

← Все новости