Еліміздің мектептерінде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыратын жаңа бастама қолға алынды. Енді мектеп оқушылары Ата заңның негіздерін тереңдетіп оқып, өз құқықтары мен міндеттерін ерте жастан меңгереді. Сабақ барысы қалай ұйымдастырылған және оқушыларға қандай мүмкіндік береді?
Еліміздегі мектептерде «Конституция негіздері» пәні оқытыла бастады. Жаңа сабақта оқушылар Ата заңды терең меңгеріп, құқықтық сауатын арттырады. Бастысы — дәріс интерактивті бағытта жүргізілмек. Бұл жеткіншектердің өз құқықтары мен міндеттерін ерте жастан саналы түрде ұғынуына жол ашады. Оқу процесі тек теориямен шектелмей, интерактивті бағытта жүргізіледі.
ЕРКІНБЕК МҰРАТҰЛЫ, КОНСТИТУЦИЯ НЕГІЗДЕРІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Ситуациялық жағдайлардағы тапсырмаларды береміз оқушыларға. Ол оқушының болашақта өзінің құқығын заң негізде біліп, танысуына, болашағындағы болатын әртүрлі ситуацияларды өзі алып шығуына ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Осы сабақты тиімді ұйымдастыра білсек, онда конституциялық білімді, заңнамалық білімді балалардан өте білімді азаматтарды тәрбиелеп шығарамыз деп ойлаймын.
Мұғалімдер күрделі заң баптарын білім алушыларға жеңіл әрі қызықты жеткізеді. Жаңа сабақ оқушылардың отансүйгіштік сезімін оятып, танымдық қызығушылығын арттыруда.
ОҚУШЫЛАР:
Біз ту, елтаңба, әнұран туралы мәліметтер үйрендік. Мысалы: ту 1992 жылы 4 маусым күні шықты. Маған Конституцияның тарихы және рәміздер туралы факт, ол туралы мәлімет, сол секілді сабақтар өте қатты ұнады.
Заңды білу — заман талабы. Сондықтан да мұғалімдер құрғақ теориядан қашып, іске көшкен. Мектеп қабырғасында арнайы кабинеттер ашылды. Онда оқушылар құқық бұзушылықтың алдын алуды тәжірибе жүзінде көріп, әділдік орнату мәдениетін ерте жастан бойына сіңіреді.
ЗӘМЗӘГҮЛ ҚИЯНОВА, №97 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:
Арнайы имитациялық сот кабинетін аштық. Не үшін? Балалардың сот арқылы әділеттілікті көре алатынын, яғни бізде жоғары сыныптар мектепте болып жатқан құқықбұзушылықтарды сол сот процесінде өздері талдайды. Сол кезде біреуі прокурор болады, біреуі сот, біреуі адвокат болады. Сол жерде мәселенің заңды жағын қарайды. Балалар үйренеді.
Жаңа оқу жылынан бастап 5-7-сынып аралығындағы оқушылар «Конституция негіздері» пәнін оқыса, ал 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп» міндетті курсы енгізілді. Мұндай практикалық әдістер балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, жауапкершілікті сезінуге баулиды.