Өздігінен жүре алмайтын жандар төменгі қабатқа түсу үшін күніне екі сағатын сарп етеді. Күйі кеткен көпқабатты үйдегі кембағал тұрғындар жеделсатының бір күн істеп, үш күн қозғалыссыз тұратынына қапалы. Ол аздай, төбесінен су тамшылап, сергелдеңге салады екен.
32 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны Асылзада Пакисбаева жұбайы екеуі 1-топ мүгедектері. 10 жыл үй кезегінде тұрып, баспанаға қол жеткізе алмаған. Екі ортада 2024 жылы қайырымдылық қоры пәтердің кілтін табыстап, төбелері көкке екі елі жетпей қалған. Бірақ қуаныштары көпке созылмады. 9-қабатта тұратындар үшін лифт жыр болыпты. Істеген күнінен тұрып қалатын күні көп болады екен. Амалдың жоқтығынан далаға, дүкенге баспалдақпен түсіп, көтеріледі. Оған 2,5 сағат уақыт кетеді деп налиды.
АСЫЛЗАДА ПАКИСБАЕВА, 1-ТОП МҮГЕДЕГІ:
Лифт істемеген күндері осылай қиналып шығамын. Кейде ары қарай шамам да келмей қалады. Көршілер көтеріп шығарып, көтеріп түсіреді. Енді 24/7 үйде қамалып жата алмаймыз. Біздің де далаға шыққымыз келеді.
Ал Асылзаданың күйеуі туғанынан арбаға таңылған. Ол да лифт істемеген кезде жоғарғы қабаттан итшілеп төмен түсуге мәжбүр. Баспалдақпен сырғып, үсті-басының бәрін кір қылып далаға шығады. Жеделсатыдан бөлек, үйлерінің төбесінен су өтіп, сыртқы қаптамалары қақырап жатыр екен. Тұрғындардың сөзінше, әу баста шала-пұла қабылдап ала салған дейді. Ішкі жұмыстарын айтпағанда, сыртының өзінде кем-кетіктер жетерлік деп отыр.
РАМАЗАН ДАРХАНБАЙ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Дала, көріп тұрсыздар, күн ыстық. Жаңбырдан дейін десек, қазір жаңбыр жоқ, мысалы. Мына су қайдан кетіп жатыр? Келіп тексеріп жатыр енді. Әркім әр нәрсені айтып кетіп жатыр. Біреу жаңағы уборщица дұрыс су пайдаланбаған дейді. Енді мынандай көл болмайды ол. Екі шелек төксе де, ол 12-этаждан мына жерге келмейді.
Ал жауаптылар 2022 жылы берілген үйден шыққан ақаулардан хабардармыз дейді. Сондықтан мердігерді сотқа беріп, медиациялық тәртіппен келісімге келіп, кем-кетіктерді айдың соңына дейін реттеп беруге келісіпті. Ақау актісі тек сыртқы жұмыстарға түзілгенімен, пәтер ішіндегі су өткен жерлерді енді қараймыз деп ақталды.
ДӘУРЕН МӘУЛЕНОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Крыша кесірінен үйлерге су өткен. Оларды істеп бере ме? Иә, істеп береді, жаңа айттым ғой. Вентиляциядан аққан. Қанша пәтер? Қанша пәтер болғанда, крышаны істейді. Пәтерлерге су кірді ғой. Егер одан зақым болмаса, материалдық шығын болса, оны анықтаймыз. Қашан? Ақау актісін түздік шатырға. Пәтерге жоқ. Оны істейміз. Қашан? Осы жақын арада.
Ал лифттің кепілдік мерзімі аяқталыпты. Жеделсатымен айналысып жатқан компанияның жұмысын бағалау үшін мердігер мекеме тәуелсіз сараптамаға беріпті. Соның нәтижесін күтіп отыр екен. Егер тірлігі тиянақты болмаса, қалған қаражатын төлемейміз дейді. Қалған сыртқы бетіндегі түсіп қалған кафельдерді, шатырдағы жұмыстарды, үйдің отырған жерлерін осы айдың соңында аяқтап береміз дейді.
БЕКЖАН ОСМАНОВ, 1-ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:
Әкімдікке үш мәрте бардым. Сөйлесіп келдім. Мені менсінбейді. Уәдеге сенбеймін. Алдай береді.