Перейти к содержимому
· 10 просмотров

14 жастағы қыз ауруханада көз жұмды

Ауруханаға өз аяғымен барған жасөспірім бір аптадан соң көз жұмды. Медициналық мекемеге мазасызданып түскен Кәмшат Серашты дәрігерлер асқазанында кінәрат бар деп емдеген көрінеді. Марқұмның ата-анасы ақ халаттылар қажетті тексерулерді жүргізбеді деп қынжылады. Салдарынан небәрі алты сағаттың ішінде 14 жастағы қыз комаға түскен. Миына қан құйылған Кәмшат бір аптадан соң бақилық болды.

Қаңыраған бөлме. Тұңғыштарының дүниеден өткеніне екі жарым ай өтсе де, ата-анасы өмірде жоқтығына әлі сене алар емес. Сол күні Кәмшаттың мазасы болмай, құса бастаған соң, жақындары жедел жәрдем шақырған. Келген дәрігерлер 14 жастағы жасөспірімді жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіпті. Алайда ондағы мамандар науқаста жұқпалы аурудың белгілері жоқ деп, оны балалар ауруханасына жіберген. Ал бұл медициналық мекеме оны гастроэнтерология бөліміне жатқызған.

ТАЛҒАТ ЖҰМАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Баламның мазасы болмай, түнгі сағат он шамасында қасында болған анасы дәрігерлерді шақырған. «Мазасы болмай тұр, тексеріп көріңдерші», — деген. Реанимациядан бір дәрігер келіп, баланы тексерген. Қолын, басын басып, менингитке тексерген. «Ешқандай менингит жоқ. КТ, МРТ аппаратына ертең түсіреміз», — деген.

Екі сағаттан соң Кәмшат есінен танып қалған. Тек содан кейін ғана ақ халаттылар компьютерлік томографияға жүгініпті. Тексеру нәтижесінде жасөспірімнің миына қан құйылғаны белгілі болған.

ТАЛҒАТ ЖҰМАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Общее кровоизлияние в мозг, инсульт геморрагический, деп бізге түнгі сағат үш шамасында дәрігер айтты. Балам бір апта комада жатты. 26-сы күні сағат 17:20-да комадан оянбастан қайтыс болып кетті.

Марқұмның ата-анасы қайғылы жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр. Олардың айтуынша, ақ халаттылар қажетті тексерулерді уақтылы жүргізбеген. Қара жамылған отбасы қызының өліміне жауаптыларды анықтау мақсатында полицияға арыз жазыпты. Әзірге нақты жауап жоқ. Аурухана әкімшілігі де мардымды жауап қатпады.

ГҮЛНҰР УКСИКБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді ата-ана медициналық ұйымға арыз-шағым жазатынын айтты. Одан басқа бізде дәл қазіргі таңда ешқандай ақпарат жоқ. Қыздың жағдайына байланысты толық мәлімет бере алмаймын. Бұл — медициналық құпия.

Дәрігерлердің кінәсі бар-жоғын тек арнайы тексеріс анықтайды. Бірақ екі ай өтсе де, осы оқиғаның мән-жайына қатысты түпкілікті қорытынды жарияланбаған. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті сұхбат беруден бас тартты. Ал ата-ананың ендігі талабы — кінәлілерді заң аясында қатаң жауапқа тарту.

← Все новости