Перейти к содержимому

Яндекс сервисіндегі дербес деректерді тексеру керек!

Демалыс күндері Яндекс істемей, қаншама адам әбігерге түсіп еді. Бірі баратын жеріне жете алмай, бірі шаруасын тындыра алмай қалды. Басты орталыққа шабуыл жасалды деген ақпаратты естіген жұрт жеке мәліметтеріміз тарап кетпей ме деп тағы алаңдап отырды. Бүгін осы мәселені Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева көтеріп, Яндекс арқылы жиналған деректердің шетелге берілу заңдылығын тексеруді ұсынды. Өйткені сервис телефон нөмірімізді, мекенжайымызды, жүрген бағытымыз бен төлем ақпаратын өңдейді екен. Осыған байланысты халық қалаулысы Жасанды интеллект министрлігінен мәліметтердің қайда сақталып, кімнің қолында екенін анықтауды талап етті.

ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Министрлік қазақстандықтардың жеке мәліметтері сақталған серверлер Қазақстанда орналасқанын және қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын айтқанмен, сервистердің жұмысына қажетті кейбір компоненттер елден тыс жерде екенін растады. Күн сайын қазақстандықтардың телефон нөмірі, мекенжайы, баратын жолы мен төлем деректері бар сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы — бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді.

Жеке мәліметтер демекші, депутат жуырда Шиеліде 529 қызметкердің, ал Семейде 344 баланың дербес деректері тарап кеткенін еске салды. Ең сорақысы, мұны иемдену үшін жүйені бұзудың қажеті болмаған. Азаматтардың құқығын қорғауға міндетті мекемелердің өзі құнды ақпараттарды ашық жариялап жіберген көрінеді. «Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз?» деген депутат, әсіресе, балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Қуат Құдайберген

← Все новости