Оралда карьер суы жап-жасыл болып кетті. Қала іргесіндегі Желаев ауылының маңындағы бұл құбылыс тұрғындарды қатты алаңдатып отыр. Жұртшылық оның түсінің бұзылуына маңайдағы моншаларды, саяжайдағы мал шаруашылығы мен төгілген құрылыс қоқысын кінәлайды. Тұрғындар карьерге қалдықтар ағызылып жатыр деп күдіктенеді. Дабылдан кейін экологтар арнайы сынама алып, химиялық талдау жүргізген. Зертхана қорытындысы бойынша судан ешқандай улы немесе химиялық ластану белгілері табылмаған.
БҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ХАБАРЛАМАСЫНАН:
Карьер суының жасыл түске боялуы табиғи биологиялық үдерістерге, атап айтқанда, суда микроскопиялық балдырлардың қарқынды көбеюіне байланысты болуы мүмкін. Мұндай құбылыстың пайда болуына судың температурасы, күн сәулесінің өткірлігі және су құрамындағы қоректік заттардың мөлшері әсер етеді. Балдырлардың жаппай көбеюі су түсінің өзгеруіне әкелуі мүмкін және бұл құбылыс судың химиялық ластанғанын білдірмейді.