Қарағандылық ағайын екі жылдан бері үрей құшағында отыр. Өйткені тұрғын үйдің қасбеті құлап, бала-шағасының басына түсе ме деп алаңдайды. Сорақысы сол, баспаналарын кәнігі мамандар емес, студенттер мен оқушылар салыпты. Жүрдім-бардым жасалған жұмыстың кесірінен қараша есік алдына шығудан қалған. Қиранды астында қаламыз ба деп зәре-құты қашқан бұқараның базынасы.
Қарағандылық қарашаны қапаландырған тұрғын үйдің қазіргі жағдайы осы. Құрылысының сапасыздығына қарасаң, қарның ашады. Берілгеніне бес жыл да болмаған баспаналардың қаптамасы аптасына бір құлап, ағайынды әбден зәрезап қылған. Ал жауаптылардың ешбірі жұрттың зарына мойын бұрмақ емес.
АНЕЛЬ ОМАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазір әкімдік те бізден бас тартып отыр. Құрылыс компаниясы да жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Ал үйді салған мердігер кінәні керісінше компанияға артады. Сөйтіп, бәрі бір-біріне сілтеп, бізді ортада қалдырды. Неге біз қайғылы жағдай болғанша күтуіміз керек? Астанада, Бұқар жырау ауданында осындай жағдай болып, баланың қаза тапқаны туралы оқиға болды ғой.
Ал амалы таусылған ағайын асарлап барлығын қалыпқа келтірейін дегенде жеке компаниялар 22 миллион теңге сұрапты. Алайда ипотекасын төлеп бітпеген жұрттың қаржы жинауға шамасы жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бар кінәрәт жауапты компанияның жауапсыздығында көрінеді. Мердігерге ақысын бермей, ал құрылысшылар компанияға сенбей, ақыры қарапайым ел сорлап қалған.
ӘСЕМ АХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біздің қателігіміз жоқ бұл жерде. Біз құрылыс компаниясына сендік. Ақшамызды салдық. Екі жыл тұрып жатырмыз. Екі жыл бойы бұл проблема әлі де бітер емес. Менің ойымша, мұны енді әкімшілік шешуі керек деп ойлаймын. Себебі үйді тапсырар кезде мұны тексеретін адамдар әкімшіліктен болуы керек болған.
Әзірге әкімдіктің қолынан келгені – қауіпті аймақтарды қоршап қою ғана. Құлаған қаптаманың қалдығын шығарумен әуре болып жүр. Ал ел толқымаса, ес жимайтын жауаптылар екі жыл жүріп тек енді ғана тексерістің қамына кіріскен.
ТЕМІРЛАН ӘБІЛҚАСЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз бұл мәселені жақсы білеміз. Мұндай жұмыстардың арнайы тәртібі бар. Біз өз тарапымыздан Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдадық. Олар тексеріс жүргізгеннен кейін тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Қазір қауіпті аймақтарды қоршап қойдық.
Жазатайым жағдай болмаса, жылы орнынан жылжымайтын жауаптылар жұртты қашан жарылқары белгісіз. Ал компания өкілдері тілшілерден тайсақтап, сұхбат беруден ат тонын ала қашты.