Перейти к содержимому
· 12 просмотров

Банкроттыққа дейінгі демеу

Кредиттің қамыты киіліп, қарызынан құтылудың бір жолы банкроттық деп білетін жандарды бұл ауыртпалықтан құтқаратын тағы бір тәсіл бар. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі талай жанды титықтатқан мәселенің ми батпағынан шығарады. Әрине, банк алдындағы борыш жоғалып кетпейді, тек төлем жолдары жеңілдейді.

Ай сайын тапқан табысының едәуір бөлігін несиесін жабуға жұмсап, қарыздың қамытынан шыға алмай жүрген азаматтар үшін тиімді мүмкіндік бар. Ол — төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл механизм банкроттықтан айырмашылығы, азаматты «банкрот» деген шектеулі мәртебеге ұшыратпайды, керісінше, тұрақты табысы бар тұлғаларға кредитін 5 жылға дейін бөліп, жеңілдетілген кестемен төлеуге жағдай жасайды. Ең бастысы, өсімақы мен айыппұл тоқтатылады.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үш банкте жалпы 9 миллион теңгеге жуық берешегім болды. Ай сайынғы несие төлемдерінің жалпы сомасы 500 мың теңгеге жуық еді. Ол кезде бұл қаражатты төлеуге шамам жетпеді. Қазір де оңай емес. Кейін төлем мерзімін кешіктіріп, әбден қарызға баттым десем де болады. Содан осы заңның барын естіп, мамандардың көмегіне жүгіндім. 4 айдан кейін сот маған жаңа төлем жоспарын жасап берді. Қазір айына 200 мың теңге төлеймін.

Мұндай жеңілдікке қол жеткізу үшін азаматтың тұрақты табысы болуы тиіс. Ал егер ресми жұмысы болмаса, қарыз сомасынан асатын мүлкі болуы керек. Өтініш беруші сотқа арызданған соң, шамамен 10 күн ішінде іс қаралып, процесс басталады. Іс жүргізу басталған сәттен бастап банк борышкердің мазасын алмайды. Яғни соттың ұйғарымы шыққанша ай сайынғы төлем уақытша тоқтатылады деген сөз. Ал жалпы сот процесі 6 айға дейінгі уақытты алады.

ӘСЕЛ КИЕКБАЕВА, ҚАРЖЫ МАМАНЫ:

Соттың ұйғарымы шыққаннан кейін кіріс басқармасы қаржы маманын тағайындайды. Қаржы маманы азаматтың бүкіл дүние-мүлкін, есепшоттарын, кіріс және шығыс есептерін – бәрін есептеп, өзінің қаржылық қорытындысын шығарады. Көбінесе несиелер үй алуға, машина алуға, той жасауға, сондай мақсаттармен алынады.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Мемлекеттік көмекке жүгіну үшін қандай құжаттар керегін ретімен түсіндірейін. Ең алдымен жеке куәлік, жұмыс орны мен жалақы туралы анықтама және зейнетақы аударымдары қажет. Одан кейін отбасылық жағдайға қатысты неке қию және балалардың туу туралы куәліктері тапсырылады. Қаржылық тарихты растау үшін банктегі соңғы 3 жылғы несие тарихы мен кредиттік бюродан алынған есеп сұратылады. Сонымен бірге мүліктің бар-жоғы мен кредиторлар тізімі және соңғы 3 жылда қанша жалақы алғандығы толық өткізілуі тиіс. Сондай-ақ мамандар клиенттің жағдайына байланысты қосымша құжаттар сұратуы мүмкін.

ЖАСҰЛАН ӨМІРЗАҚОВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:

Сот бекіткен жоспар бойынша азамат міндетті түрде 5 жыл көлемінде міндеттемелерін төлеп отыруы қажет. Азамат төлемдерді уақытылы жасамаса, азамат міндетті түрде банкрот болып танылып, оған тиесілі дүние-мүлік кредиторлардың пайдасына өткізіледі. Сол себепті төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі бойынша сәтті өткізілген процедуралардан кейін азамат өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, ай сайынғы төлемдерді уақытылы төлеуі қажет.

Ал заңгерлер бұл рәсімге арыз бермес бұрын, ең алдымен, мәселені сотқа жеткізбей, банкпен тікелей келісуге тырысқан абзал дейді.

МАРҒҰЛАН ШЫНЫБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Бұл жерде заң тұрғысында емес, моральдық тұрғыда не үшін төлей алмай жатқаныңызды түсіндірсеңіздер, сол жеткілікті. Судьяға сол керек. Заңды құжаттар емес, заңды негіздер емес, не үшін төлей алмай жатқанның мәнін түсіндірсе, судья қанағаттандырып береді мұндай арыздарды. Егер сіздер шын мәнінде оңалтуға жағдайларыңыз келсе, бірінші банкке арыз жазған дұрыс. Мүмкін, банк қарастырады. Қазіргі таңда оңалту әдісін көп адамдар қолданып жатыр. Банкке хат жазса, банктің өзі сізге комиссия құрып, қарап, график қойып береді.

Маңдай тер, адал еңбегімен тапқан табысының жартысынан астамын несие жабуға жұмсап, тығырыққа тірелген жұрт үшін бұл заң – үлкен мүмкіндік. Сол үшін қарыздан қашпай, қаржылық сауаттылық танытып, мәселені заң аясында шешуге қадам жасау керек дейді мамандар.

← Все новости