Отбасыңыздың әл-ауқаты қандай деңгейде? Енді мұны анықтау үшін айлық табыс пен шығынды есептеп, шақшадай басыңыз шарадай болып жүрмесін! Құжат қопарып, шарқ ұрудың да қажеті жоқ. eGov Mobile қосымшасында әр жанұяның әлеуметтік жағдайын бағалайтын калькулятор іске қосылды. Оның көмегімен қазақстандықтар мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлеріне үміткер бола ала ма, жоқ па, біле алады. Жаңа құрал отбасының кірісін, мүлкін, құрамын, балалардың, қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтардың бар-жоғын ескереді. Дегенмен калькулятордың нәтижесі тек ақпараттық сипатқа ие. Ол әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім шығармайды. Еске салайық, жаңа жылдан бастап елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесіне көшу басталады. Оған сәйкес, отбасылардың әл-ауқат деңгейі А-дан Е-ге дейінгі бес санат бойынша бағаланбақ.