Миллениалдар мектепте жүргенде сабақтан қашу сән еді. Ал зумерлер мен альфалар қазір, керісінше, сыныпқа асығатын көрінеді. Әсіресе, өрендердің қызығушылығы күрделі тақырыптарға артыпты. Онша-мұнша адамның миына қона бермейтін физика заңдарын жастар жатқа біледі. Мұның сыры неде?
«Физикпін мен. Формуланы ұғынатын физикпін мен. Бір ғасырда бір туатын физикпін мен».
Формулаға ырғақ, физикаға әуен қосқан Рауан Жаңабай күрделі пәнді креативті форматқа көшірді. Ол сабақты теориялық түрде түсіндіріп қана қоймай, тренд әндермен түрлендіріп, жастарға жақын тілде жеткізеді. Есесіне ән де, пән де есте қалады. Есеп-қисап санаға қонады. Осылайша, желі жұлдызына айналған ұстаз білімді әуенмен әрлеп оқытудың өзгеше өрнегін қалыптастырып отыр.
РАУАН ЖАҢАБАЙ, ФИЗИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Әр ай сайын бір ән жазып тұруға тырысамын. Енді мұны қалай айтсам болады? Бұл инстаграмда, Тик-токта физиканы түсіндіру үшін. Бірінші назарды аударамын, одан бөлек физиканы түсіндіремін. Бізде қазір ҰБТ-да теориялар көп. Теорияларды жаттауға көмектесіп жатады.
Жас маман әнімен әлеуметтік желіні жауласа, сабақта түрлі эксперименттер жасап, жастардың қызығушылығын арттырады. Бұл да оқушыларға қатты ұнайды. Себебі бірсарынды оқудан жалыққан жеткіншектер тәжірибе жасағанда, бар ынта-ықыласын оқуға аударады екен. Сондықтан Рауан теория мен тәжірибені жиі қатар алып жүретінін айтады.
«Мынау шар адамды көтереді десем, сенесіздер ме? Яғни ол бізде көтереді екен. Ол жай ғана физика екен. Үстіне тұрсаң, негізі, шар не істеуі қажет? Жарылып кетуі керек еді. Бірақ жарылмай көтеріп тұр».
Ұстаздың ұтымды әдісі оқушыларға ұнаса керек, бірде-бірі күрделі пән сабағын қалт жібермейді. Есеп-қисаптан кейін бәрі тәжірибе жасауға да құштар. Тіпті араларында болашақта физик болуды мақсат еткендері де көп.
АЙБАР МҮСЕРБЕК, ОҚУШЫ:
Бұрын физика сабағы мен үшін өте қиын сабақ болған. Бірақ қазір физика сабағы қатты ұнады. Бізде әр сабақта тәжірибелер өтеді. Ауырып қалсам да келгім келеді. Өте қызық сабақ.
Тараздық Рауан Жаңабай балалардан бөлек, өзі секілді әріптестеріне дәріс беріп жүр. Қазірге дейін 50-ге жуық мұғалімге ерекше методикасын үйретіпті. Енді жас ұстаз болашақта мектеп ашуды көздеп отыр.