Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Түркі әлемін біріктірген – ғылым

Ғылым жолындағы ортақ міндет. Қазақстан түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді ұсынып отыр. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кездесуде айтылды. Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия ұлттық ғылым академияларының басшылары мен университет ғалымдары қатысты. Басқосуда бірлескен жобаларды дамыту, өзара тәжірибе алмасу және халықаралық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

ИСА АКПЕР ОГЛЫ ГАБИББЕЙЛИ, ӘЗЕРБАЙЖАН ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бауырлас Қазақстанның барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанына куә болғаныма өте қуаныштымын. Соның бір айқын мысалы – әл-Фараби атындағы университет. Мұнда дәстүр мен заманауи үрдістер үйлесім тапқан. Университеттің кампусы да өте жақсы. Білім ордасында әлемдік деңгейдегі ең озық технологияларды көрдім. Бүгінде студенттер осы технологияларды меңгеріп жатыр. Ал ертең оларды дамытып, бауырлас Қазақстанның болашағын қалыптастыруға үлес қосады деп сенемін.

Сондай-ақ жиында арнайы ғалымдар тобын құру ұсынылды. Бұл өз кезегінде түркітану саласындағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, кездесуде жасанды интеллект жайы да сөз болды. Қатысушылардың пікірінше, жаңа технологияларды зерттеу мен тәжірибе алмасу ғылыми байланысты нығайтуға жол ашады. Сонымен қатар бірлескен жобаларды әзірлеп, жүзеге асырудың маңызы атап өтілді. Тараптар ортақ бастамаларды қолға алып, ғылыми әріптестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

← Все новости