Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Әлем жаңалықтары

Адамнан айла артылған ба? Ұлыбританияда зейнеткерлерге қарайтын әлеуметтік орталық қызметкері 99 жастағы әжейдің жарты ғасырдан бері тірнектеп жинаған қаржысын жымқырыпты. Уэльс аймағындағы мекеменің медбикесі қарияның 912 мың еуросын иемденген. Күдікті 10 жылдан бері науқастың сеніміне кіріп, 470 мың еуроға бағаланған баспанасын да өз атына жаздырып алған. Сондай-ақ банк шотындағы жинағын да шешкен көрінеді. Күмәнді аударымдарды байқаған қаржы ұйымының өкілдері бірден полицияға хабар беріпті. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.

Сарбаздар опат болды

Бейбіт күнде сарбаздар опат болды. Канаданың Альберта провинциясында қарулы күштерге қарасты әскери базадан өрт шығып, 4 жауынгер тірідей жанып кетті. Тағы 40-тан астам погонды түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ақ халаттылар ем қабылдап жатқан 19 науқастың жағдайы ауыр екенін айтады. Ал төтенше оқиға өткен демалыс күндері болған. Қызыл жалын әскери әуе күштеріне тиесілі Уэйнрайт базасының жаттығу алаңында тұтанып, жапсарлас ғимараттарға қас пен көздің арасында таралып кеткен. Осыған байланысты үйеңкі жапырақтар елінің губернаторы шұғыл жиын өткізіп, оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрды.

Ұшақ командирі шындықты айтты

172 жолаушының өмірін сақтап қалған «Флай Дубай» әуе компаниясының ұшқышы Смит Маччхар алғаш рет оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді. Үндістандық азамат қазір Біріккен Араб Әмірлігінде ем қабылдап жатыр. Жуырда қызметіне қайта оралуы мүмкін. Оның сөзінше, омандық әріптесі рейс уақытында кабинада екі сағат бойы үндемей отырған. Ол кенет командирдің басынан өрт сөндіру құралымен соққы жасап, есінен тандырмақ болған екен. Ал қас-қағым сәтте басқарусыз қалған лайнер 5 мың метрге төмендеп кеткен. Сондай-ақ күдікті жолаушыға лық толы бортты Араб шөліне құлатпақ болыпты. Әуе көлігінің капитаны жанталасып кабинаның есігін ашып үлгерген. Ал кейбір ержүрек жолаушылар пилотқа көмектесіп, қылмыскерді де байлап ұстап отырған. Міне, сол оқиғадан кейін лайнер командирі Израильдің қаһарманы атанды.

Франциядағы толқу

Өркениеттің озық үлгісі саналатын Францияда аласапыран басталды. Айдың басында лицей оқушыларының наразылығының соңы жалпыхалықтық дүрбелеңге жалғасты. Жеткіншектерді қолдап, кейіннен студенттер мен кәсіподақ мүшелері алаңға шықты. Олар елдегі жаппай қымбатшылыққа және бюджет қаржысының қысқартылуына наразы. Өткен демалыста Париж көшелеріне 600 мыңға жуық адам өз позициясын білдірмек болып, көшеге беттеді. Негізі, ел астанасындағы шеру бейбіт басталған еді. Кейіннен наразылық шарасына Францияның өзге де аймақтары қосылып, соңы тәртіпсіздіктерге ұласты. Биліктің саясатына ашынған халық Париждегі сауда орталықтарын талқандап, танымал брендтердің дүкендерін тонап кеткен. Ал көп ұзамай мәселеге президент Эммануэль Макрон назар аударды. Франция көшбасшысы қандай да бір нәтижеге қарамастан, тәртіпсіздікке қатысқандар жазасыз қалмайтынын ескертті.

Радиация теңізге тараған

Жапонияда төтенше оқиға. «Онагава» атом электр станциясының №2 ядролық реакторынан ақау шығып, қауіпті радиоактивті заттар қоршаған ортаға таралып кетті. Жергілікті басылымдардың дерегінше, радиоактивті материал аз мөлшерде теңізге құйылуы мүмкін. Мамандар қазір АЭС-тің жұмысын уақытша тоқтатып, іркіліс анықталған жерді жөндеуге кірісті. Мияги префектурасындағы қалпына келтіру жұмыстары 10 күнге созылуы мүмкін. Атом электр станциясына жауапты компания өкілдерінің сөзінше, дәл осындай қауіпті жағдай қыркүйек айында да анықталған. Десе де, операторлар қоршаған ортаны тексеріп, радиация деңгейі қалыпты деңгейден көтерілмегені туралы қорытынды шығарыпты.

← Все новости