Тау-кен металлургиясы – мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала. Ақтоғай мыс балқыту зауытының алғашқы кірпіші қаланған рәсімге телекөпір арқылы қатысқан Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл – тұтас ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін жобалардың бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы былтыр халыққа Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, нақты міндеттерді айқындап жеткізгенін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып, аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның көптеген пайдалы қазбаларға бай мемлекет ретінде осы ресурстарды тиімді пайдалануға барлық күш-жігерін салып жатқанына назар аударды. Елімізде 9 мыңнан астам кен орны бар. Осы ретте атқарылар жұмыс та көп деген Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын акционерлерінің алдында өте маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әсіресе, жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты мәні де – осы. Үкімет, жергілікті билік өкілдері еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуге тиіс.