Перейти к содержимому
· 10 просмотров

ЖИ шаруаларды алмастыра ма?

Дастарқанымызға келетін ет пен сүттің сапалы әрі мол болуы шаруаның еңбегіне байланысты. Сол бейнетті жеңілдетіп, өнім көлемін арттыруға жаңа технологиялар көмектесіп жатыр. Астанада басталған KazAgroFarm-2026 халықаралық көрмесінде ауыл шаруашылығындағы осындай тың шешімдер таныстырылуда. Әлемнің 25 елінен 350-ден астам компания тәжірибе алмасу үшін Қазақстанға келген. Алыс-жақыннан жиылған қонақ көп. Бірақ көздегені біреу: шаруаның тірлігін келісті, өнімді жемісті ету.

ЕРЛАН ТОҒАЙ, АГРОБИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН IT ШЕШІМДЕРІНІҢ МАМАНЫ:

Биыл жұмсақ бидайдың өнімділігі қандай болды? Немесе соңғы бес жылдағы көрсеткіштер қандай? Осы жиында көрсетіліп отырған жасанды интеллект жүйесі осындай қарапайым сұрақтарға жауап береді. Бастысы, бұл уақыт үнемдейді. Шаруашылықты жоспарлауға және жұмыс жүйесін жетілдіруге, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Егін егу, оны жинау мен сақтау – өндірістік үдеріс. Бұл жұмыстың тиімділігі тек жаңа технологияға емес, пайдаланылатын техниканың жағдайына да байланысты. Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналарын жаңарту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Арнайы бағдарлама басталған кезде техниканың тозу деңгейі 75 пайыз болған. Қазіргі уақытта бізде 60 пайызға дейін келді. Арнайы бағдарлама деген не? Ол – жеңілдетілген лизинг бағдарламасы. Таза 5 пайыздық лизинг алып, диқандарға қандай техника керек, осы техниканы біз шығарып жатырмыз.

Бұл жолғы көрме экспозициясы аграрлық саланың екі негізгі бағытын қамтиды. KazAgro бағыты тұқым мен өсіру технологияларынан бастап, егін жинау және өнімді сақтауға дейінгі өсімдік шаруашылығының толық өндірістік циклін қарастырса, KazFarm бағыты мал шаруашылығына арналған шешімдерді ұсынады. Іс-шара 23 қазанға дейін жалғасады.

← Все новости