Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Астанадағы Ұлттық музейде «Алтын Орда» экспозициялық залы ашылды. Мұнда орта ғасырға тән тиындар, әскери сауыт-саймандар мен Жошы хан кесенесінен табылған жәдігерлер қойылған. Ал LED-экрандар арқылы музейге келушілер сирек кездесетін тарихи деректерді де көре алады. Экспозицияның басты жаңалығы – хандар галереясы. Мұнда Алтын Орда билеушілері мен Қазақ хандығының негізін қалаушылардың 14 портреті алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл жоба Қазақстанды дала өркениетінің тікелей мұрагері ретінде айшықтап, тарихи жадыны жаңғыртуды көздейді.
ӨТКІРБАЙ АҒАТАЙ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Бұл залда Жошы ұлысы билеушілерінің генеалогиясы, жауынгерлік қару-жарақтары, сәулет өнері, әшекей бұйымдар және басқа да мұралары келушілерге, қонақтарға таныстырылады. Қазіргі таңда осы зал ашылғалы бері өте көп қонақтар келіп, осы Қазақстан аумағында орта ғасырда пайда болған Алтын Орда, яғни Жошы ұлысының тарихын көріп, ойланып, оқып, тамашалап кетеді.