Жамбылдықтар Республика күнін ерекше тойлап жатыр. Бұл жолы мерекенің көркін ән мен би емес, ұлттық дәстүр айшықтады. Шәкен Ниязбеков ауылының әжелері бір мезетте 50 бесікті тербетіп, қазақы салтты қайта дәріптеді. Ақ жаулықты апалар баланы бөлеуді үйретіп, оның маңызын түсіндірді. Сондай-ақ бесікке жатқан сәбидің аяқ-қолы түзу өсіп, ұйқысы тыныш болатынын айтты. Сондықтан қыз-келіншектерге ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салтты бұзбай, оны әрі қарай жалғастыруды тапсырды.
ДИНА МҰҚАЕВА, ШӘКЕН НИЯЗБЕКОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мына жас келіндерге, қыздарға құлақтарына алтын сырға. Бесікке бөлеу – өте тамаша нәрсе. Қазіргі заманда «дисплазия» деген болып жатыр. Ол баяғыда неге болмаған? Себебі бесікте жатқан балада еш уақытта «дисплазия» болмаған. Аяғы түзу байланған. Омыртқасы қисаймаған.
Одан бөлек, мерекеде әжелер күбі пісіп, ауыл келіншектері қазы айналдырды. Ал жастар жағы асық ойнап, арқан тартып, боз кілемде белдесті. Шаруалар күздік өнімдерін сөреге қойып, Республика күнінің көркін ашты.
МАҚПАЛ ДОСЫМБЕКОВА, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Республика күні қарсаңында бізде бір апта бойы осы іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі іс-шарамыз да сол күнге арналған. Бұл енді Шәкен Ниязбеков атындағы ауыл болғандықтан, бүгінгі тақырып та Шәкен Ниязбековтің өмір жолы мен шығармашылық жолына арналып отыр. Жалпы, Республика күніне 50-ге жуық іс-шара өтеді.