Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Ақтөбені танымай қалуымыз мүмкін

Ақтөбені жасыл қалаға айналдыруға әкімдер ғана емес, балалар да білек сыбана атсалысып жатыр. Әсіресе, осыдан екі жыл бұрын құрылған «Мектеп орманшылығы» бірлестігінің үлесі көп. Олар осы уақыт ішінде бес мың түп ағаш еккен. Атқамінерлер бастап, ұл-қыздар қостаған көгалдандыру бір реттік іс-шара ма, әлде жалғасын таба ма?

Садовое ауылының айналасы енді бұрынғыдан бетер көркейе түсетін болды. Бұған дейін тұрғындар ауылдың қасында экосаябақ салып жатқанына бір қуанса, енді сол тынымбақта аққайыңдар жайқалып тұратынын естіп, көңілдері көтерілді. Жүз түп ағашты қала мен облыс әкімі және «Мектеп орманшылығы» бірлестігінің балалары отырғызды. 2–3 метрлік көшеттерді дәл осы кезде отырғызса, тез жерсінеді, дейді мамандар.

АСХАТ ШАХАРОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Біз мектеп оқушыларына екі жыл бұрын үндеу тастап едік, «Мектеп орманшылығын» бастап кетті. Екі жылдың ішінде 5 мың түп ағаш еккен. Әрі қарай күтіп ұстаумен айналысып келеді. Үнемі айтамыз: бір күндік шара емес, бір сенбілік емес. «Таза Қазақстан» деген – таза ой, болашаққа өз-өзіңді қалыптастырып, жалпы мәдениетті қалыптастырып, жұртшылықпен атсалысып, өз үлесіңді қосу.

СҰҢҚАР АБАЙ, «МЕКТЕП ОРМАНШЫЛЫҒЫ» БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ:

Менің ойымша, «Таза Қазақстан» деген әр адамнан басталады. Өзі қоршаған ортаны таза ұстауы керек. Осындай экологиялық бастамаларға атсалысып, волонтерлік ұйымдарға белсене қатысуы керек деп ойлаймын.

Оқушылар да өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді. Бүгін ағаш отырғызып, ертең ұмытып кету деген болмайды, дейді. Ағаштың бәрі тамшылатып суаратын арнайы жүйеге қосылғанымен, бірлестікке мүше оқушылар айналасын таза ұстап, қадағалайтын болады.

«Таза Қазақстан» акциясының аясында бүгін сондай-ақ өңірдегі су мекемесінің автопаркі жаңарып қалды. Су жаңа көліктердің кілтін алған мекеме мамандары енді қысылтаяң кезде қиналмай, тез әрекет етуге мүмкіндік туды деп қуанып жатыр.

ТИМУР АХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ГИДРОТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛҒЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Қиын кезеңдер болды. 2024 жылы су тасқыны кезінде бізде Әулие су қоймасына жету қиын болды сол кездері. Осындай техникалар жоқ болды. Бүгін техникалар беріліп жатыр, өзіміздің су нысандарымызға, бөгеттерімізге жөндеу жасап, қызмет етеміз.

Аймақты көгалдандыруды әкімдік бірнеше бағытта жүргізіп жатыр. Биыл, мысалы, 100 мың түп ағаш егуді жоспарлапты. Одан бөлек, жасыл аймақты құру үшін 50 гектар жерді көгалдандырды. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасады.

← Все новости