Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Элиталы тұрғын үй жарылды

Алматыда бүгін жарылыс болды. Элиталы тұрғын үй кешеніндегі дүмпуден екі бала зардап шеккен. Үйінді астында үрейі ұшқан тұтас бір отбасын көршілері мен жұмысшылар әупірімдеп жүріп әрең алып шыққан. Үш бірдей пәтердің түгі қалмапты. Терезе, есік пен қабырға былай тұрсын, бетонға дейін опырылған.

Таңғы жетілер шамасында болған жойқын жарылыс үш бірдей пәтердің астаң-кестеңін шығарған. Қабырғалары опырылып, шынылары түгел шағылыпты. Айнала күл-қоқысқа айналған. Қайта арты өртке ұласпапты. Бірінші қабатта тұратын тұтас бір әулет үш баласымен шырт ұйқыда жатқан. Құлақ тұндырарлық гүрсілді ести сала кешеннің жұмысшысы үйге қарай жүгіріп, үйінді астында қалған қожайындарға көмектестім, дейді.

САЛАМАТ ҒАНИЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Біз де есеңгіреп қалдық қой. Қолымыздан келгенше көмектесіп шығардық. Өртті өшірдік. Бір кішкентай бала мен қызы болды. Екінші пәтерде адам болмады. Бала ауруханада, жедел жәрдеммен алып кеткен, өздері жүр.

Оқиға Алматыдағы басы даудан арылмаған «Есентай Сити» элиталы кешенінде болған. Құрылысы толық аяқталмаған нысандарға әлі тұрғындардың көбі көшіп келе қоймапты. Ал күл-талқаны шыққан үш қабатты ғимараттың жөндеу жұмыстарын үй иелері өздері жүргізіп, бірен-саран отбасы қоныстанған. Сондықтан газ компаниясымен әлі келісімшартқа да отырып үлгермепті. Қазандық баспананың ішінде көрінеді.

ДМИТРИЙ КИМ, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жертөледе газ құбырлары мүлдем жоқ. Әзірге жарылыс неден шыққанын тексеріп жатырмыз. Бізде қазандықтар бар, олар пәтердің ішінде орналасқан. Бұл меншік иелерінің жауапкершілігіне жүктелген. Толық не болғанын айта алмаймын. Бұл менің көршілерім, ең бастысы – тұрғындар аман.

Жауапты мамандар оқиғаға қатысты ләм-мим демеді. Тек қалалық әкімдік екі ауыз хабарлама жіберіпті. 2015–2017 жылдары туған екі балаға медициналық көмек көрсетілгенін айтады. Жеңіл жарақат алған.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫНАН:

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға табиғи газдың шығуы себеп болуы мүмкін. Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды. Оларға медициналық тексеру жүргізіліп, қажетті көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Қазіргі уақытта жауапты қызметтер оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетейік, «Есентай Сити» Алматының жоғары бөлігінде орналасқан. 2016 жылы құрылысы басталып, кейін мердігер компанияның басшылары сотталып кетті. Толық аяқталмаған ғимаратқа қала әкімдігі бертінде ғана жаңа инвесторларды тауып, құрылысы қайта жанданған еді. Ал бүгінгі жарылыстың себептері барлық қажетті сараптамалар жүргізілгеннен соң белгілі болмақ.

← Все новости