Мектептердегі парталар мен ауруханадағы кереуеттер Астанада жасалып жатыр.
Елордадағы индустриялық кешенде медициналық жабдықтар, кеңсе жиһаздары мен құрылыс конструкцияларын шығаратын алты өндіріс орналасқан. Құны 50 миллион доллар болатын кәсіпорында қазір 300-ден астам адам еңбек етеді. Өңірлерде бой көтерген стадиондар мен ауқымды құрылысқа қажетті темір бағаналар да дәл осы зауытта құрастырылуда.
Тимур Данияров, Өндіріс директоры:
Біздің цех заманауи дәнекерлеу жүйесімен жабдықталған. Халықаралық сертификаты да бар. Бұл шетелдік ірі компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Әсіресе мұнай-газ саласында қолданылатын құбырлар мен жоғары қысымға төзімді ыдыстарды жасауда сапа талаптары өте қатаң. Біз осындай ыдыстарды ғана емес, оларға қажетті бөлшектерді де өзіміз өндіреміз. Соның ішінде диаметрі 5 метрге дейін жететін арнайы металл түптерді де жасаймыз.
Сондай-ақ клиникаларға қажетті маңызды медициналық бөлшектер мен құрылғылар тікелей осы зауытта жасалады. Бұрын тек шетелден әкелінетін жабдықтарды енді отандық мамандар өндіреді.
Ұлықбек Шаяхмет, Зауыт қызметкері:
Қазақстан бойынша медициналық газ құрылғыларын тек біздің фабрика жасайды. Қазір тұрғанымыз — CNC станоктары. Бұларды Тайваньнан әкелгенбіз. Цехта 15 адам жұмыс істейді. Оның бесеуі кеңседе, цехтің өзінде 10 адам еңбек етеді.
Рамазан Палмағанбет