Университетті төрт жыл оқу міндет емес. 1,5–2 жыл білім алып та маман атансаңыз болады. Көлемді бағдарламаны қысқа мерзімде меңгерудің жолын Олжас Бектенов айтты. Үкімет басшысының сөзінше, қолданыстағы заңнама бакалавриаттағы білімді үш жылға қысқартуға мүмкіндік береді. Оны жоғары оқу орындарының өздері ұйымдастырады екен. Алайда білім беру бағдарламасының санын азайтуға болмайды. Керісінше, екі семестрді үш триместрге көбейтіп, абитуриенттер 240 академиялық кредитті меңгеруі тиіс. Қазір еліміздегі маңдайалды университеттерді ерте аяқтағысы келетіндердің саны 16 мыңнан асыпты. Ал бұрын колледжде білім алғандар жоғары оқу орнын 1,5–2 жылда тәмамдауы мүмкін. Өйткені олардың осыған дейін меңгерген пәндері есепке алынуы ықтимал. Алайда бұл білім жүйесімен оқу бағасы арзандайды деген – қате түсінік.