Перейти к содержимому
· 9 просмотров

Қажылыққа жаяу барсаң, сауабы көбірек бола ма?

Қажылыққа жаяу барсаң, сауабы көбірек пе? Тик-токтағы танымал имамдарға қойсаң, бұл сұраққа қатырып жауап берер еді. Әйтеуір, соңғы кездері әр елден Меккеге жаяу аттанатындар көбейді. Бір дорбасын арқалап, айлап, тіпті жылдап сапар шегетіндері бар. Тіпті кәмелет жасына енді толған жастардың өзі велосипедке міне салады, артына өз елінің туын іле салады, сөйтіп құбылаға қарай жүре салады.

Қазір алыс-жақын шетелдерге жаяу немесе велосипедпен жолға шығатын саяхатшылар баршылық. Бірі өзін сынағысы келеді, енді бірі жаңа жер көруді мақсат етеді. Ал кейбірі үшін мұндай ұзақ сапардың бағыты ғана емес, рухани мәні де бар. Мәселен, осыдан шамамен екі ай бұрын Астанадан Меккеге жаяу аттанған Азамат есімді жігіт қазір мыңдаған шақырымды артқа тастапты.

Мир, милость Всевышнего и Его благословение. Из Астаны в Мекку — 170-й день. Я добрался до Ирака.

Міне, қырықтың бел ортасындағы Азаматтың жолға шыққанына да жарты жылға жуықтады. 12 сәуірде сапарға аттанған ол содан бері көрген-білгенін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап келеді. Ұзақ жолда жалғыз жүргенімен, жолаушыға жолыққан жұрттың ықыласы ерекше. Бірі дәм-тұзын ұсынып, өзгесі ас-суын қамдап, қолынан келгенше жәрдемдесуде.

Шымкенттен Меккеге велосипедпен — 49-күн.

Ал бұл шымкенттік Ролан есімді жігіт. Небәрі 19-да. Жас деген аты ғана, жүріп өткен жолына қарасаң, талай атан түйеге жүк боларлық сапарды артқа тастаған. Қасиетті Меккеге бұл оның алғаш баруы емес. Бұған дейін де велосипедке мініп, табаны тиген. 2024 жылы Грузияға да барған. Кейін Стамбулға да жаяу жетіпті. Өзі айтқандай, әуелде ауыр көрінгенімен, қазір мұндай сапарға әбден төселіп кеткен.

РОЛАН АНАТОЛЫ, САЯХАТШЫ:

Мен көптеген блогерлерді қарап отырдым. Меккеге деген құштарлығым қатты ашылып отырды. Сөйтіп енді неге велосипедпен барып көрмеске деген ой болған өзімді өзім тестировать ету мақсатында. Ешқандай бір өз-өзімді қинау мақсатында емес немесе біреумен спор мақсатында емес, өзімді өзіме дәлелдеу мақсатында осыған дейін до конца жете алам ба, жете алмаймын ба деген секілді.

Осыдан 10 күн бұрын бізге сұхбат берген Ролан 8000 шақырымды артқа тастап, қазір діттеген жеріне аман-есен жетіпті.

Шымкенттен Меккеге сапарымның 69-күнінде Меккеге, Қағбаға жетіп келдім.

Қарағандыдан енді ғана кәмелет жасына толған Даниал да жақында велосипедпен аттанды. Осыдан шамамен бір ай бұрын бейнеті мен машақаты мол жолға шығыпты. Мыңдаған шақырымның ауырлығына қарамай, жігері жасымай, қадамы таймай жылжып келеді.

ДАНИАЛ ЕРҚАНАТ, САЯХАТШЫ:

Жолда күніне орта есеппен 100–130 км өтемін. Жалпы уақыт бойынша 7–8 сағат велосипед тебемін. Әрине, ол ауа райына, жолдың бағытына және де өзімнің денсаулығыма байланысты өзгеріп отырады.

Бұл — ат арытып, шауып жететін жер емес. Тіпті көлікпен жолға шығудың өзі оңайға соқпайды. Соған қарамастан, жылдан-жылға «тәуекел етсем, жетермін» деп ұзақ сапарға аттанатындар көбейіп келеді. Бірақ олардың бәрі бірдей жаяу немесе велосипедпен соңына дейін барады деген сөз емес. Шаршап-шалдықса, жолай тоқтаған көлікке мініп, сәл де болса жақындап алады екен. Осындай жорыққа қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандарымен де тілдестік. Олар мұны құптамайтынын айтты.

ЕЛБЕК ҚОЖАМҰРАТОВ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Ең бірінші қажылық мұндай жаяу барумен міндеттелмейді. Соны түсіну керек. Демек, ақшаң жетпей жатыр ма, сен қажылыққа міндетті емессің. Яғни, міндетті емес нәрсеге өзіңді қауіп-қатерге тігіп жатсаң, бұл негізі дінде құпталмайтын дүние.

Жолдың аты — жол. Таңсық жерде, танымайтын ортада жүрудің өзі қауіп. Қай қиырға тап боларың, жолда қандай қатер күтіп тұрғаны беймәлім. Сондықтан бұған немқұрайлы қарауға болмайды.

ЕЛБЕК ҚОЖАМҰРАТОВ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Мысалы, сапардың әдебінде Пайғамбарымыз жалғыз сапарға шықпаңдар дейді. Бұл шарасыз қалған жағдай болмаса, жолмен жүретін сапарлардың адамның қасында серігі болуы керек. Екіншіден, мынау жаяу немесе басқа да көліктермен шығуы да адамды біршама қауіп-қатерге итермелейді.

Сондықтан ақ ниетпен бірге, амандықты да ойдан шығармаған абзал. Себебі алыс жолдың азабы да, тосынсыйы да аз емес.

← Все новости