Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Егеменді елдің еңсесі биік

Ақордада салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Президенттің қолынан орден мен медаль алған жандардың қуанышын бірге көрейік.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Республика күні – ел күнтізбесіндегі кезекті мереке ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің жаңа дәуіріне жол ашқан тарихи белес. Осыдан 36 жыл бұрын қабылданған Егемендік туралы декларация халқымыздың тәуелсіз ел болуға деген ұмтылысын айқындады. Бүгін Ақордада осы айтулы мерекеге орай Мемлекет басшысы ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Бірі – өндіріс ошағынан, енді бірі – өнер сахнасынан. Бірі – ақ халатты абзал жан, енді бірі – ел ертеңін тәрбиелеген ұстаз. Бүгін Ақорда төрінде сан түрлі мамандық иелерінің жолы тоғысты. Жүздерінде қуаныш, көңілдерінде толқу. Бірі салтанатты сәтті тағатсыздана күтсе, енді бірі алдағы марапаттың жауапкершілігін сезінеді. Көп ұзамай залдағы қарбалас саябырсып, салтанатты тыныштық орнады.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Республика күнінің тарихи мәніне тоқталды. Президенттің сөзінше, елдің еңсесін көтеретін де, іргесін бекемдейтін де – адал еңбек пен отаншылдық. Бүгінгі мемлекеттік наградалар да әр салада қажырлы қызмет етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады.

Бүгінгі марапат иелерінің арасында күнделікті еңбегі көпшілік назарына түсе бермейтін қарапайым жұмысшылар да бар. Солардың бірі – кран тізгіндеген қазақ қызы. Алып техниканы дәлдікпен басқару – оның күнделікті жұмысы. Ер азаматтармен иық тіресіп, құрылыс саласында тер төгіп жүрген еңбек адамы бүгін Ақорда төрінде құрметке бөленді.

БОТАГӨЗ АЙТМАҒАМБЕТОВА, КРАН МАШИНИСІ:

2004 жылы зауытқа келдім. Сонда крандарды көрдім, өте ұнады. Солай үйрендім. Жұмысымды жақсы көрем. Жұмысыңды жақсы көрсең, ол қиын болмайды. Жақсы көріп жұмыс істесең, ол жеңіл. Басында, әрине, қиын болады. Бірақ адам үйреніп кетсе, қиын емес. Ең бірінші зауытқа кіргенде көпірлі кранда жұмыс істедім. Бірінші балқыту цехында жұмыс істедім, ыстық металл қойдым. Қазір шлак өңдеу цехында жұмыс істеймін. №12-67 – ең жақсы көретін краным.

Ал келесі марапат иесінің есімі қазақ өнерімен біте қайнасқан. Оның әндері талай буынның жүрегінен орын алып, халықтың рухани қазынасына айналды. Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды. Саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған сазгер үшін бұл – шығармашылық жолындағы ерекше белес.

АЛТЫНБЕК ҚОРАЗБАЕВ, КОМПОЗИТОР, «ОТАН» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:

Бүгін мен үшін өте ерекше күн болып саналып отыр. Менің кішкентай ғана еңбегімді, көп жылғы еңбегімді бағалап, мемлекетіміздің ең жоғары ордені — Отан орденімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеудеме таққанына қуаныштымын. Тек қана менің емес, шәкірттерімнің, өнер адамдарының жеңісі деп ойлаймын. Қазақ елі — мәңгілік ел. Жасым келсе де, әлі де болса, бүкіл күш-жігеріммен қазақ өнеріне қызмет етуге дайынмын. Көп рақмет, қазақ елі.

Бірі – алып өндірістің тізгінін ұстаса, енді бірі – халықтың жүрегінен орын алған өнер туындыларын дүниеге әкелді. Кәсібі бөлек болғанымен, еңбегінің елге тигізген пайдасы ортақ. Президент айтқандай, мемлекеттің берік іргетасы – отаншыл, парасатты, жасампаз азаматтар. Ал бүгінгі марапат – сол жандардың қажыр-қайратына көрсетілген құрмет әрі келер ұрпаққа үлгі болар өнеге.

← Все новости