Астанада балаларға арналған медициналық орталық бой көтереді.
Емдеу кешені бір мезгілде 200 баланы қабылдай алады. Мұнда ауыр дертке шалдыққан және түрлі жарақат алған кішкентай емделушілерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Көпбейінді ауруханада жоғары технологиялық оталар жасалып, шұғыл жағдайларда жедел жәрдем берілмек.
Сондай-ақ шала туған және мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелерді күтіп-қарайды. Күрделі хирургиялық емдеуді қажет ететін және ерте жастағы патологиясы бар сәбилерге ең үздік медициналық көмек көрсетіледі.
Назгүл Талипова, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының баспасөз хатшысы: «Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының аумағында ауданы 47 мың шаршы метр болатын жаңа балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Жылына Нұра ауданынан ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінен түсетін 9 мыңға жуық кішкентай пациентке қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ санитариялық авиацияның арқасында олар әуе жолымен жеткізіледі».
Құрылысы келер жылы басталатын нысан 2028 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Мамандардың айтуынша, бұл аурухана балаларға көрсетілетін көмектің сапасын мүлдем жаңа деңгейге көтереді.
Үсен Астана