Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Әлем жаңалықтары

Түркияда соңғы уақытта атыс-шабыс көбейді. Елдің орталығындағы қанды қылмыс бейбіт халықтың үрейін үрлеп отыр. Қарулы топ елді мекендерде қанды қырғын жасаған. Салдарынан 8 адам көз жұмды. Мәселен, Афьон-Карахисар аймағындағы атыстан екі келіншек жараланған. Олар ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай демі үзілген. Ал тәртіп сақшылары қалған марқұмдардың мәйітін провинция маңындағы ауылдардан тапқан. Құзырлы органдар іске қатысы бар күдіктілерді іздестіруге кірісті.

РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНБЕК

Көрші Қырғызстан әлемді жаңа нысанмен таңқалдыруды жоспарлап отыр. Айыр қалпақты ағайындардың жауһары саналатын «Ала-Арча» табиғи паркінде ұзындығы 732 метрді құрайтын шыны көпір салынатын болды. Егер құрылысы аяқталса, ол жаһандағы ең биік аспалы көпір атанады. Ауқымды жобаны Қырғыз президентінің іс басқармасының жетекшісі Каныбек Туманбаев таныстырды. Ол мердігер еуропалық компания өкілдерімен құрылыс басталатын жерді аралап, жобаны жан-жақты талқылады. Алатаудың арғы бетіндегі мамандар қазірдің өзінде жобаның нобайын да сызып қойыпты. Болжам бойынша нысанның іргетасы осы айда қаланып, келесі жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі екен. Айта кету керек, «Ала-Арча» аймағы өзінің әсем табиғатымен ерекшеленеді. Соңғы уақытта Қырғызстанға осы тау шатқалын тамашалау үшін баратын туристердің саны артқан.

ЖАҢА САНКЦИЯ

Кариб бассейніндегі Кубаға санкцияның кезекті толқыны келе жатыр. Америка «Бостандық аралына» жаңа шектеулер енгізгісі келеді. Атап айтқанда, АҚШ экономикасы күн санап құлдырап бара жатқан мемлекетті одан бетер тұншықтыруды ойлап отыр. Мәселен, ресми Вашингтон Гаванаға электроника, өндіріс, теңіз өнеркәсібі сынды салаларға санкция салмақ. Десе де Дональд Трамп Кубамен бітімгерлік шарт жасасуға әлі де мүдделі. Бірақ Президент әкімшілігі шектеумен қатар әскери сценарийді де қарастырып жатқан көрінеді. Жергілікті БАҚ дерегінше, Америка қазірдің өзінде Қарулы күштердің мүмкіндіктерін бағалап, Оңтүстік қолбасшылыққа әскери полиция мен түрлі жасақтарды тарту мәселесін қарастыруда. Ал Ақ үй басшысы егер қажет болса, Куба Венесуэланың күйін кешуі мүмкін екенін де тұспалдап жеткізген еді.

ПРЕЗИДЕНТ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Латын Америкасынан маза кетті. Аймақтағы Парагвайда қаржы секторында ауқымды дағдарыс басталды. Елдің цифрлық банк жүйесі тоқырауға ұшырап, миллиондаған клиент шоттардағы қаржысынан қағылды. Бұл Парагвайдың ересек адамдарының 60%-ын құрайды. Сондай-ақ зардап шеккендердің арасында мемлекеттік зейнетақы қоры да бар. Мамандар банкротқа ұшыраған банкке 380 млн доллар қаржы құйыпты. Ал ашынған халық ел астанасы Асунсьон көшелеріне шығып, билікке наразылығын білдіріп жатыр. Ұрымтал тұсты сәтті пайдаланған елдің оппозициясы да президентке импичмент жариялау бастамасын көтерді. Десе де жауапкершілікті сезінген Парагвай басшысы Сантьяго Пенья өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдады. 47 жастағы саясаткер билікке 2023 жылы келген екен. Алайда экс-президент тек креслосынан ғана емес, бостандығынан да айырылуы мүмкін. Өйткені ол елдегі ең ірі банктің құрдымға кеткенін дер кезінде айтпаған екен.

МИГРАНТТАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Испания мигранттардан құтыла алмай отыр. Корольдік келімсектерден сақтану үшін шекараны бекемдесе де, Африка материгінен жайлы өмір іздеп ағылған халық азаймай тұр. Тіпті Испанияның Атлант мұхитындағы Канар аралдарына күніне ондаған мигрант мінген қайық келеді. Олар ауа райына да қарамайды. Мұндай жағдайда Корольдік билігі амалсыз азаматтарға көмек қолын созады. Осы аптада Испания құтқарушылары 400 адамның өмірін сақтап қалды. Канар аралдары бағыты африкалықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл өңірге Мали, Сенегал, Марокко елінің тұрғындары жиі барады. Испания ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтырдың өзінде архипелагқа 18 мың заңсыз мигрант келіпті. Айта кету керек, күздің басында Еуроодақ Пиреней түбегіне көмек ретінде 115 млн еуро бөлген еді. Бұл қаражат теңіз шекарасын күшейтуге бағытталады.

← Все новости