Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 11 просмотров

Некеге дайындайтын орталық

Үй болам десең, семинар-тренингтен қалма. Ақтөбеде отбасын қолдау орталығы бүгін жастарға ой тастады. Шаңырақ көтеру үшін шамаңды біліп, отбасын сақтап қалу үшін санаңды түріп тыңдайтын кеңестер айтты. Жиынға келген психолог, заңгер және дәрігер-репродуктологтар қыз-жігіттерге нені ескертті?

Отбасын қолдау орталығы некеге дейінгі оқыту семинарын алғаш рет өткізіп отыр. Шараға болашақ жұбайлар мен шаңырақ көтергеніне әлі бес жыл болмаған жас отбасылар шақырылған. Мамандардың айтуынша, таңдаудың бұлай түсуі тегін емес. Психологтар ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың беріктігі дәл осы алғашқы бес жылда сыналады дейді.

САМАЛ МЫҢЖАСАРОВА, ПСИХОЛОГ:

Жалпы, психологияда бес жылға дейін дағдарыстық кезең болып есептеледі. Осы бес жылға дейін егер жұп тұрып кетсе, әрі қарай жеңілдеу. Әрі қарай ажырасу төмендейді. Бастапқы 5 жылда бірін-бірі тану, бір-бірінің мінез-құлқына үйренісу, сол үйдің ережесі болады, соған жаңа келген келіннің сіңу процестері осы бес жылға дейін жүреді деп айтады психологияда.

Гүлзейнеп пен Сүндет — жас отбасы. Тату-тәтті екі жас семинар-тренинг туралы естігенде қатысамыз деп шешіпті. Олар туындаған мәселені ашық талқылап, бір-бірін тыңдай білгенде ғана іргесі берік отбасы бола алады деп санайды.

ГҮЛЗЕЙНЕП ӘЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Инстаграмдағы мына коуч, ана коуч айтқанының бәріне жүгіне бермей… сіздің отбасыңызда не болып жатқанын ол кісілер білмейді. Сол себепті өзіңізге керек емес ақпаратты алып алып, дұрыс емес бағытта кетіп қалуыңыз мүмкін. Соны айтқан болатын кешегі психолог. Егер де тұйық адамдар болады ғой: еш жаққа барғысы келмейді, мойындағысы келмейді. Егер де отбасыңызда сондай кісі болса: ері немесе әйелі, Тек сөйлесу керек. Кешегі бізге түсіндірген ақпарат бойынша сөйлесу қажет екен.

Бақытты отбасы болудың нақты формуласы жоқ. Бірақ қарым-қатынаста сыйластық, сенім, жауапкершілік пен ортақ құндылықтар секілді дүниелер маңызды рөл атқарады. Отбасын қолдау орталығындағылар келгендерге осы қағидатты үнемі айтып отырамыз дейді.

ЖАҚСЫЛЫҚ ТАҢАТАРОВ, ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тегін негізде психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз және де өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың аналарына, әкелеріне тегін курстарымыз, мастер-кластарымыз бар. Ол кісілерге сертификат беріледі. Әрі қарай жұмысқа орналастыру үшін «Мансап» орталығына бағытталады.

Семинар тек психологтың кеңесімен шектелмеді. Репродуктолог дәрігер отбасын жоспарлау, ата-ана болуға дайындық, ал заңгерлер ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, отбасы мүшелерінің құқықтық жауапкершілігі туралы айтты. Қаржыгерлер отбасы бюджетін қалай сауатты жоспарлауға кеңес берді. Мұндай дәрістер әлі де жалғасады.

← Все новости