Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Аграрлық мамандықтың мәртебесі биік

Егіннің бітік шығуы тек жердің құнарына емес, оны баптайтын маманның біліміне де байланысты. Сондықтан бүгінгі аграрлық салаға дәстүрлі тәжірибемен қатар тың идея мен заманауи көзқарас қажет. Осы мақсатта болашақ сала мамандары бас қосып, республикалық интеллектуалдық куизде бақ сынады. Зияткерлік сайыс Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орайластырылған. Басты мақсат – аграрлық білімді заманауи жастар форматы арқылы насихаттап, мамандықтың мәртебесін биіктету екен.

НҰРДОС КӘРІМБАЕВ, С. СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстанда үш үлкен аграрлық университет бар. Солардың ең белсенді деген жастарының басын қосып, сол мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, олар енді болашақ әріптестер ғой. Бір салада, бір бағытта жұмыс істейтін мамандар. Сол кісілерді біріктіріп, осылай «AGRO IQ: Білім және болашақ» атты іс-шараны ұйымдастырып отырмыз.

Зияткерлік сайысты өткізуге «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы», Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мұрындық болған. Биыл алғаш рет қолға алынған білім бәйгесіне үш университеттегі іріктеуден сүрінбей өткен 12 команда бақ сынады.

ҚАДЫРАСЛАН ОРАЗАЛЫҰЛЫ, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 4-КУРС СТУДЕНТІ:

Біріншіден, коммуникация, яғни, басқа да аграрлық университеттермен танысып, достасамыз. Екіншіден, өзіміздің оқып жатқан саламызды әрі қарай жетілдіріп, біліктілігімізді арттыруға ынталандыруға жігер аламыз деп ойлаймын.

АЛТЫНГҮЛ ТАСБОЛАТ, С. СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 4-КУРС СТУДЕНТІ:

Біздің командамыз – «Сейфуллин жастары». 6 адамнан құралған. 2 қыз және 4 ұл. Барлығымыз әртүрлі мамандық иесіміз. Осы ойында біздің алған біліміміз жеңуге үлес қосады деп ойлаймын.

Сайыс қорытындысында оза шапқан командаларға бағалы сыйлықтар табысталып, үздік деп танылған 6 студентке шетелде тәжірибесін шыңдауға жолдама берілді.

← Все новости