Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 17 просмотров

Дәмханада жарылыс болды

Ақтөбеде бес қабатты үйде орналасқан дәмханада жарылыс болып, арты өртке ұласты. Апаттан екі адам зардап шегіп, шұғыл ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы қалай? Жарылысқа не себеп болды?

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ:

Бүгін таңғы сағат он жарымдар шамасында Тәуелсіздік даңғылындағы бес қабатты үйге жапсарлас орналасқан дәмханада жарылыс болды. Оқиға салдарынан кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылып, артынша өрт шықты. Екі адам зардап шегіп, ауруханаға алып кеткен. Қаза тапқандар жоқ. Оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеп жатыр.

Жарылыс жойқын болған. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндірушілер бірінен соң бірі дереу жетіпті. Құтқарушылар жас жігітті және көрші ғимараттан тағы бір адамды алып шықты дейді.

ОЛЖАС ИМАНБАЕВ, КУӘГЕР:

Жаңадан келіп жатқан бала-ау деймін жұмысқа, арқасында рюкзагы бар тамақтары анау мынауы бар. Машинамда отырғанмын сол. Дауысы қатты болды. Не жарылғанын түсінбей қалдым. Қарасам, бір қыз шыңғырып жатыр есік алдына шығып, даже ол қызды байқамай қалдым. Сразу ішке келдім, қасыма тағы екі жігіт келді. Ана баланы шығарып алдық терезеден. Атын сұрап жатыр, атын айтатын жағдайда емес, шок. Киімдерін жыртып жіберген ғой.

Жедел жәрдем ауруханасына 19 жастағы жігіт пен 36 жастағы әйел адамды жеткізген. Біреуі жансақтау, екіншісі политравма бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жас жігіттің денесінің шамамен 30 пайызын күйік шалған.

ҚАДЫРБЕК ИМАНБАЕВ, № 1 ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Жарылыстың жойқын болғаны сондай, тұрғындар сол сәтте үй теңселіп кеткенін айтады. Терезелер шытынап, біраз пәтер бүлінген. Нақты қандай шығын келгенін комиссия анықтайды.

ДАНАРБЕК ИМАНҒАЗИН, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы орын алды. Жою жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 45 жеке құрам қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды.

Төтенше жағдайлар департаменті апаттың нақты себебін айтуға әзір ерте дейді. Дегенмен жарылыс газ баллонынан емес, газ қоспасының жиналып қалуынан болуы мүмкін деген болжамын айтты. Апатқа қатысты қылмыстық кодекстің Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабымен іс қозғалды.

← Все новости