Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 9 просмотров

Жекешелендіру қазақ футболын жарылқады ма?

Футбол десе ішер асын жерге қоятын фанаттар көп елімізде. Ал аяқдоп спортының ахуалы қалай? 2025-тің наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі клубтарды жекешелендіруді жеделдетуді тапсырған еді. Артынша бизнестегі акулалар әр футбол ұжымын тойдағы сарқыттай тез-тез таратып алып, қаржыландыруды бастап кетті. Кейбір командалар өзге елден маман тартып шеберлігін мығымдады, ал енді біреулері өз жеріміздегі өрендерді баптап, барын салды. Аяқдопшыларымыздың аяқ алысы жаман болмағанымен, жекенің иелігіне өткен кейбір клубтар Бірінші лигаға сырғыды. Аузын айға білеген командалар бұрынғы қабілет-қарымынан кенде қалып, чемпиондықтан қол үзді. Аладоп аламанында асығымыз алшысынан түсті ме? Жекешелендіру жоспары толық орындалса да, командаларға әлі мемлекеттен миллиардтар бөлініп жатқаны қалай?

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Симуляторда футбол командасын басқару оңай. Құрамды өзің жасақтайсың, ойыншы сатып аласың, қажет болса тактиканы өзгертесің. Ал шынайы футболда бәрі басқаша. Мұнда команданың нәтижесі ғана емес, тұрақты дамуы да маңызды. Сол себепті былтыр клубтарды жекешелендіру туралы шешім қабылданғанда, мұны қазақ футболының жаңа кезеңі деп бөркімізді аспанға аттық. Алайда отандық аяқдоп қарыштады ма, әлде керісінше, қойылған межеден алыстады ма? Тақырыпты тереңірек талдап көрейік.

Бір кездері ел біріншілігінде бес мәрте топ жарып, қазақ футболының элитасына айналған «Ертіс» командасы еңсесін тіктеп, қайта түлеп келеді. Араға бес жыл салып, премьер-лигаға оралған павлодарлықтар маусым қорытындысында 12-сатыға жайғасып, чемпионаттағы орнын сақтап қалды. Дегенмен өзгелер ірі кәсіпкерлердің қолына өтіп жатқанда, керекулік клуб ешкімге керексіз бе деген сауал аладоп сүйер қауымды алаңдатқаны рас. Бірақ бұл күдікті жергілікті кәсіпкерлер сейілтті. Таяуда аймақ басшылығы аты дардай азаматтарға тізгінді тапсырды.

САЯТ ОМАРОВ, «ЕРТІС» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ИНВЕСТОРЫ:

Сегізінші сыныпта оқып жүргенімізде бүкіл сыныппен «Ертістің» ойындарына баратынбыз. Ол кезде команда чемпион атанып, дәурені жүріп тұрған еді. Арада жылдар өткен соң, клубымызды қайта түлетіп, дамуына үлес қосу мәртебесі бұйырды. Өзіміз де Павлодардың тумасы, «Ертістің» жанкүйері болғандықтан, командамызға қолдау көрсетуді жөн көрдік.

Осылайша, үш инвестор «Ертісті» қаржыландыру, инфрақұрылым, негізгі және жастар командаларын дамыту бойынша ұзақмерзімді міндеттемелерді мойнына алды. Олар жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге инвестиция құюға уәде беріп, әкіммен қол алысты.

Ал соңғы жылдары кежегесі кейін тартқан кеншілер шаһарының «Шахтер» клубы қайтадан бабына келе бастағандай. Биыл бірінші лиганы ұтқан Андрей Финонченко шәкірттері енді жоғары дивизионда доп тебеді. Команда өкілдері бұл жетістікке жеке инвестицияның септігі тигеніне сенімді.

БЕКЕЖАН АРДАҚҰЛЫ, «ШАХТЕР» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ МЕДИА ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан футболы тарихындағы жалғыз команда «Шахтер» болатын бірінші лигаға түспеген. Бұл тарих та өзгерді. Бірінші лигада доп тептік. Және осы биыл жекеменшікке өткеннен кейін «Шахтер» ойын тұрғысынан едәуір өсіп, маусымнан бұрын ҚПЛ-ға оралды. Одан бөлек жастар командасы екінші лигада күміс медаль еншіледі. Қыздар командасы топ-5-те аяқтады маусымды, одан бөлек жасөспірімдеріміз QJ League аясында барлық бес жас санаты бойынша топ-3-тіктен орын алды.

Биыл жаңа қожайын тапқан клубтар құрамын күшейтіп, жасыл алаңдағы бәсекені қыздыруға тырысты. Әуелгі мақсат – Еуропа үлгісіндегі бизнес-индустрияға айналып, қомақты табыс табу емес пе?! Осылайша, командалар аты әлемге танымал Нани, Виктор Мозес, Йонсен, Марк Гуаль сынды ойыншыларды қатарына қосты. Сәйкесінше, стадионға ағылған жұрттың саны да еселеп артыпты.

ЕРЖАН МҰСАБЕКОВ, ҚФФ КӘСІБИ КЛУБТАР АРАСЫНДА ЖАРЫСТАР ӨТКІЗУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Әрине, ол Премьер-лигасының тартымдылығына оң әсер етті. Мысалы, биыл біріншіліктің 240 ойынын көру үшін 1 миллион 300 мыңнан астам жанкүйер стадионға жиналған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Сонымен қатар жекеменшік инвестицияның келуімен матч алдындағы ойын-сауық шаралары да жанданды. Түрлі байқаулар ұйымдастырылып, әртістер өнер көрсетті. Мұның бәрі ерекше футбол атмосферасын қалыптастырды.

Әрине, миллионерлердің меншігі болу бәріне бірдей майдай жақты деп мақтай беруден аулақпыз. Мәселен, қызылордалық «Қайсар» алғашқылардың бірі болып, жекенің қолына өтті. Су жаңа стадионға да көшті. Аттай қалап Мозесті шақырса да, шарасыз күйде, бірінші лигаға түсті. Спорт сарапшысының айтуынша, жетістікке жету тек қаржыға байланысты емес. Бұл жерде менеджменттің де дұрыс болуы маңызды.

АСҚАР ХАМИДЕН, ФУТБОЛ САРАПШЫСЫ:

Футбол клубын жекеге алған кәсіпкер өте үлкен рискпен алады. Оның бәрі үлкен жоспармен, стратегиямен, бизнес-модельмен жүзеге асуы керек. Футболдың айналасында білетін адамдар жұмыс істеуі керек. Ол адамдар үлкен қызығушылықпен үлкен жоспармен келуі керек. Сол кезде ғана жетістік болады.

Сарапшының сөзінің жаны бар. Клубты коммерцияландыру тұрақтылыққа кепілдік бермесі анық. Мұндайда «Астана» командасы сияқты қалыптасқан жүйе болуы керек, – дейді Асқар Хамиден. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының қолдауына сүйеніп келген елордалық клуб қаржыландыру тоқтаған соң, жабылып қалудың аз-ақ алдында қалды. Маусым ортасында Оқжетпестен оңбай ұтылған соң бас бапкер бар мәселені жайып салған еді.

ГРИГОРИЙ БАБАЯН, «АСТАНА» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Бұл миға сыймайтын нәрсе. Осындай мәселе Қазақстанның ешбір клубында жоқ. Мәселен, команданың капитаны Марин Томасовтың өзі мардымсыз жалақыға ойнап жүр. Мұндай жағдайда мотивация қайдан болсын! Біз жағдайдың өзгеруін күттік. Алайда қор қазіргі ойыншыларымызбен келісімшартты ұзартуға тыйым салды.

8 ай бойы жалақы алмаса да, жасыл алаңда ақ тер, көк тер болған аяқдопшылар командасын алға сүйреп, қола медаль жеңіп алды. Ендігі жылы елордалық клуб еурокубокта доп тебеді. Айтпақшы, Астана жақын күндері жекеменшікке өтуге тиіс. Бұл туралы күні кеше министр Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.

Сонымен, тағы бір футбол маусымы артта қалды. Кейбір клубтардың басқару жүйесі ауысқанымен, қазынадан қомақты қаржы алдырып, қарық болыпты. Премьер-лига командаларына бюджеттен 31 млрд теңге бөлінгені ашық ақпарат көздерінде самсап тұр. Мәселен:

Биылғы біріншілік жеңімпазы шымкенттік «Ордабасы» мұнда да көш басында. Оларға 2,811 млрд теңге қолдау көрсетіліпті. Жанкүйерлерін сергелдеңге салған семейлік «Елімай» екінші орынға жайғасқан. Еншісінде 2,808 млрд теңге. Үздік үштікті 2,693 млрд теңгемен қостанайлық Тобыл түйіндеп тұр. Әрі қарай, «Жетісу», «Ақтөбе» мен «Алтай» және өзгелері де қолдаудан кенде қалмаған.

Осы орайда министр Ербол Мырзабосынов кәсіби клубтарды қаржыландырудың бірыңғай лимиті белгіленгенін еске салды.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Біз футбол клубтарына қатысты өңірлер үшін қаржылық шектеу белгіледік. Команданы дамытуға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат жылына 2,5 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Бұл қаржының ішіне балалар, жасөспірімдер және әйелдер футболын дамыту шығындары да кіреді.

Сондай-ақ бюджет қаржысын легионерлерге жұмсамау туралы талап толық орындалған екен. Нәтижесінде биыл тек футболдан емес, жалпы спорттан 8 млрд теңге үнемделіпті. Дегенмен жеке инвесторға шектеу жоқ. Олай болғанда кәсіпкер шетелден мәнсабы шарықтау шегіне жеткен емес, білікті һәм тәжірибелі ойыншыларды тартқаны дұрыс, – дейді спорт журналисі.

ЖАНДОС АЙТБАЙҰЛЫ, СПОРТ ЖУРНАЛИСІ:

Толықтай клубтар, командалар жекеге өткен соң сапалы легионерлер келіп, біздің футболшыларымыз, біздің қазақ футболы алға жылжиды ғой деген үміт басым. Командалар жақсы сапалы ойыншы әкелген кезде, біздің ұлттық құраманың да нәтижесі жақсара түсер ме еді деген ойдамын. Өйткені сапалы легионерлерге қарап, тәжірибелі ойыншыларға қарап жастар өсіп жетіледі.

Легионерлердің жайы бір басқа. Қазақ футболының ертеңі олар емес. Бүгінгі жас буын. Сондықтан клубтарды жекешелендіру кезінде балалар аяқдобын дамытуға да басымдық беріліп отыр.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Қазірдің өзінде елімізде бірнеше әйгілі футбол клубтарының академиясы жұмыс істеп тұр. Мәселен, Алматы облысында «Атлетико Мадрид» академиясы бар. Астанада ПСЖ мектебі ашылады. Сондай-ақ өзіміздің «Қайрат» академиясы мен «Оңтүстік» академиясы бар. Біздің мақсатымыз – өрендердің белгілі бір деңгейге дейін шеберлігін шыңдауына жағдай жасау.

Бұл Президент пәрмен берген реформаның ұзақмерзімді мақсаты. Ал клубтарды жекешелендіру жұмысы әлі аяқталған жоқ. Қазір 13 кәсіби клубтың қожайыны бар. Жыл соңына дейін тағы алты команда, атап айтқанда, «Астана», «Жетісу», «Каспий», «Алтай», «Жайық» және «Ұлытау» жекеменшікке өтуге тиіс.

← Все новости