Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 8 просмотров

Ұялы байланыс тарифі қымбаттайды

Елімізде ұялы байланыс қызметі қымбаттайды. Операторлар келесі жылдан бастап бағаның өсетінін айтты. Ал енді жақсы жаңалық! 2027-нің соңына дейін елді мекендердің 92 пайызы мобильді интернетпен қамтылады. Экранға ұзақ үңілтетін 3G-мен қош айтысып, тек 4 және 5G-мен жүретін күн жақын. Үкіметте талқыланған интернет тақырыбында біраз мәселе айтылыпты.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Келер жылдан бастап ұялы байланыс тарифтері қымбаттайды. Елдегі операторлар бағаны орта есеппен 15 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Олар мұны желіні жаңғырту мен жаңа жабдықтар орнатуға кететін шығындардың өсуімен түсіндіреді. Компаниялар табысының шамамен 20 пайызын инфрақұрылымды дамытуға жұмсайды екен. Жауаптылар баға бірден емес, кезең-кезеңімен өзгеретінін айтады. Ал тарифтер жылына бір реттен артық көтерілмейді.

ДЖАББОР КАЮМОВ, «КАР-ТЕЛ» ЖШС БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Кез келген отбасы мен тұтынушы үшін шығынның көбеюі оңай тимейтінін жақсы түсінеміз. Алайда тарифтің өсуіне осы саланың қомақты қаржыны талап ететіні себеп болып отыр. Соңғы жылдары байланыс операторлары тапқан табысының шамамен 20 пайызын инфрақұрылымға қайта құйып келеді. Өйткені байланыс аясын кеңейтіп, жаңа құрылыс жүргізу үшін барлық құрылғыны әр бес жыл сайын жаңартып отыруымыз керек.

Бірақ Үкіметтегілер бұған оңайлықпен жол бермек емес. Мәселен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі тарифтерді қымбаттатқысы келетіндермен «барынша қатаң диалог жүргіземіз» деп отыр. Оның айтуынша, бағаны өзара келісіп қою белгілері байқалса, монополияға қарсы орган бірден іске кіріседі. Бұған себеп те жоқ емес. Мәселен, біздегі ұялы байланыс операторларына соңғы үш-төрт жылда қызмет сапасына қатысты талаптарды орындамағаны үшін 7 миллиард теңгеге жуық айыппұл салыныпты.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Соңғы екі жылда ұялы байланыс операторлары телеком-инфрақұрылымға 800 млрд теңгеге жуық қаржы салғанын көріп отырмыз. Егер бұл көрсеткіштер төмендеп, ал баға өсе беретін болса, оларға үлкен сұрақ туындайды. Ондай жағдайда біз ұялы байланыс операторларымен барынша мұқият әрі қатаң диалог жүргізетін боламыз.

Сала басшысы байланыс іздеп төбе жағалайтын ауыл тұрғындарына жағымды жаңалығын жеткізді. Келер жылдан бастап барлық елді мекендегі желі сапасы жаппай тексеріліп, әкімдіктер байланыс мұнараларын дер кезінде орнатуы тиіс. Бұдан бөлек, 2027 жылдың соңына дейін еліміз 3G-ден біржола бас тартып, 4G мен 5G жүйесіне толық көшеді. Нәтижесінде шалғай ауылдар мен республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдар түгелдей жылдам интернетпен қамтылмақ.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Әкімдіктер мемлекеттік радиожелі қызметімен тест-драйв өткізуге арналған шарт талаптарын алдын ала келісуі тиіс. 2027 жылы қаңтардан бастап әкімдіктер уәкілетті органмен бірге елдегі барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеруге кірісу керек. Елімізде ауылдардың арасы алшақ оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды спутниктік интернетке қосып жатырмыз. Бұл цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы.

Осы тұста байланыс операторлары да интернет сапасын жақсартуда бірқатар түйткілді мәселенің барын ашып айтты.

АСҚАР ЖАМБАКИН, «КСЕЛЛ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Дегенмен бірқатар кедергілер де бар. Жаңа базалық станса орнату үшін тұрғындардың келісімі қажет. Кей жағдайда тұрғындар радиофобия салдарынан қарсылық білдіреді. Жыл сайын 150 базалық станса алынып тасталады. Тұрғын үй төбелерінде байланыс жабдықтарын орналастыру рәсімін жеңілдетуге қолдау көрсетуді сұраймыз. Сондай-ақ мемлекеттік мекеме мен ауруханалардың төбесінде де станция орнатуға шектеулер бар.

Отырыста интернет-алаяқтықпен күрес мәселесі де сөз болды. Бұдан былай «бейтаныс нөмірден кім қоңырау шалды?» деп бас қатырмайсыз. Телефон соққан ұйымды бірден білуге болады. Мұндай қоңыраулар арнайы таңбалаудан өтеді.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қоңырауларды таңбалау абонентке қай ұйымнан хабарласып жатқанын білуге мүмкіндік береді. Мысалы, телефонға банк, дүкен немесе емхана қоңырау шалса, олардың атауы экранда көрінеді. SIM-картаны тіркеген кезде абонент биометриялық тексеруден өтуі керек. IMEI-код арқылы Қазақстанға заңсыз әкелінген және коды өзгертілген телефондарды анықтауға болады.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Отырыс соңында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрландырумен қатар киберқауіпсіздік мәселесін де басты назарда ұстауды тапсырды. Үкімет басшысы ақпараттық жүйелердің қорғанысын нығайтып, сыртқы шабуылдардың алдын алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ азаматтардың жеке мәліметтерінің таралып кетуіне жол бермеу керектігін қадап айтты.

← Все новости