Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 13 просмотров

Тоқаев пен Путин Кремльде кездесті

Мемлекет басшысының Мәскеуге жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысады. Ал кеше кешкісін Кремль сарайында Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті. Президенттер цифрландыруды және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін, сондай-ақ бүгін өтетін AI Journey 2026 халықаралық конференциясында қаузалатын тақырыптарды талқылады. Сонымен қатар, бірлескен инвестициялық жобалар мен жоғары технологияларды дамыту мәселелері мен екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйіне назар аударылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды.

Басқосуда халықаралық қатынастар да назардан тыс қалмады. Осыдан бір апта бұрын Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Қытай, Ресей және АҚШ басшылары тарихта тұңғыш рет үшжақты кездесу өткізген еді. Тараптар жаһандық қауіпсіздік, ядролық қатерлер, энергетика және БҰҰ-ны реформалау мәселелерін талқылады. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы кездесуде қабылданған декларацияны маңызды дипломатиялық жетістік деп бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді.

← Все новости