Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 23 просмотра

ЖИ энергетикаға қауіп төндіріп тұр

Жасанды интеллект, цифрлық экономика және технологиялық қауіпсіздік. Қазір бұл бағыттар мемлекеттердің даму қарқынын айқындайтын негізгі факторға айналғаны рас. Қазақстан да цифрлық трансформацияны жеделдетіп, электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемнің үздік 16 елінің қатарынан ойып тұрып орын алды. Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясы қалай өтті?

Болашақта қуат көздеріне зәру болып қалмас үшін қазірден қамдану қажет. Мәскеуде өткен AI Journey 2026 конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы сын-қатерлерге тоқталды. Халықаралық энергетика агенттігі 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр тұтынады деген болжам ұсынып отыр. Осы орайда энергияны әртараптандырып, жаңа мүмкіндіктерді игеру маңызды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады.

Энергетикалық әлеуетті арттырумен қатар, Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамытуға да ден қойып отыр, – деді Президент. Тағы бір міндет – екі ел арасындағы алыс-беріске серпін беретін толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыру. Бұған ұлттық ақпараттық жүйелердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланған жөн.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз.

Технологиялық дамудың негізгі тірегі – білікті маман. Қос ел басшысы жасанды интеллектіні меңгерген жас дарындармен жүздесті. Президент өскелең ұрпақтың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау мемлекеттік маңызы бар міндет екенін жеткізді. Ал мұндай форум қарымды жастардың қабілетін әлемге паш ететін орайлы сәт.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Сайдың тасындай іріктелген жастар арасында Қазақстан, Ресей және Үндістанның өкілдері бар. Олар мемлекет басшыларына жасанды интеллект саласындағы тың жобаларын таныстырды. Қарағандылық оқушы, робототехникадан Азия чемпионы Әмина Бажикеева нейрожелі көмегімен жұмыс істейтін жасанды жүрек жасауды армандайды.

ӘМИНА БАЖИКЕЕВА, ОҚУШЫ, РОБОТТЫ ТЕХНИКАДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ:

Біз роботты техникадан Хьюстон қаласында екі мәрте ел намысын абыроймен қорғап шықтық. Жүлделі орындар алдық. Мұндай тәжірибеден кейін, өзімнің туған ініме және басқа да адамдарға көмектесетін пайдалы дүние жасап көрсем деген ой келді. Менің идеям – адамның жағдайын толық бақылап, датчиктер арқылы басқарылатын жасанды интеллектімен жабдықталған жүрек жасап шығару.

Иә, жасанды интеллект әлем дамуына әсер ететін алып күшке айналды. Біздің елде осыған бағытталған заңнамалық негіз қалыптасып, ауқымды жұмыстар қолға алынуы да сондықтан. Бұл ретте Мемлекет басшысы болашақтың келбетін айқындайтын жастарды технология көшінен қалмауға шақырды.

← Все новости