Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Қоқыс төгудің де мәдениеті бар

Қоқысты дұрыс төкпегені үшін екі жарым миллион теңге айыппұл төленген. Ақтөбелік полицейлер жыл басынан бері 1200 адамға әкімшілік хаттама толтырған. Тазалықтың екі айлығы жарияланып, қалалық полигон тұрмыстық қатты қалдықтарды тегін қабылдайтыны ескертілгенімен, тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастауды доғармай отыр. Тақырыпты Ақбаян Сұлтанмұратова жалғастырады.

Алтын орда — Ақтөбенің ең жаңа аудандарының бірі. Қоқыс тау боп үйілген тұста жолдың арғы бетінде 35 мың жанкүйер сиятын үлкен стадионның құрылысы басталған. Маңайда қоқыс тастауға болмайды, 100 мың теңге айыппұл төлейсің деген ескерту де бар. Алайда тәртіпсіз тұрғындарға бұл да кедергі емес. Өз туған жеріне салғырт қарағандардың тірлігін жастар түзеуге тырысты.

ЖАНСАЯ БАЗАРБАЕВА, СТУДЕНТ:

Қаланың орталығынан байқалмауы мүмкін, алайда сыртқы бөлігінде көзге көрінбейтін майда қалдықтар өте көп. Оларды жинау арқылы әр адам қаланың экологиясына үлес қоса алады. Экологиялық мәдениет әрбір адамда болуы керек.

Тазалық акциясына арналған екі айдың ішінде он мыңға жуық адам Ақтөбенің көшелері мен аулаларын, өзі тұратын үйдің айналасын тазалауға шыққан. Алайда біреулер тазалап жатса, енді бірі қоқысты көрінген жерге төге салады.

АЗАМАТ БЕКЕТ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Былтыр да осы уақытта бұл жерді тазартқанбыз. Бір жыл өтпей жатып, жағдай қайта қайталанып отыр. Қала тұрғындарын қоқысты бейберекет тастамауға шақырамыз. Қазіргі таңда полигон тұрмыстық қалдықтарды тегін қабылдап жатыр.

Атқарылған жұмыс нәтижелі болуы үшін өңірде экологиялық мәдениетті балабақшадан бастап қалыптастыру қолға алынған. 1500 адамды қамтыған экофестивальде оқушылар қоршаған ортаны қорғауға арналған жобаларын таныстырды.

БҰЛБҰЛ КҮЗЕМБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Жасыл балабақша» жобасы аясында балаларға экологиялық тәрбие беріледі. Кейбір мектептерде бау-бақша егіліп, жылыжайлар іске қосылған.

Облыста былтырдан бері «Мектеп орманшылығы» жобасы жүзеге асырылуда. Оқушылар көшет отырғызып, өздері күтіп-баптайды. Экофестиваль кезінде облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған 300-ге жуық адам 1000 түп ағаш отырғызды.

Ақбаян Сұлтанмұратова

← Барлық жаңалықтар