Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Каспийдің ахуалы алаңдатады

Оман сұлтанын шығарып салған соң, Мемлекет басшысы өзі де Түрікменстанға жұмыс сапарымен аттанды. Бірқатар келісімді пысықтап, Каспий экология саммитіне қатысты. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев теңіздің бүгінгі ахуалы алаңдатарлық деңгейге жеткенін атап өтті. Өйткені соңғы 25 жылда Каспий 16 мың шаршы шақырымнан астам аумағынан айырылған. Су азайса, балық кемиді, порттардың жұмысы қиындайды, жағалаудағы елді мекендердің де болашағы бұлыңғырланады, деді. Сондықтан Президент айдын маңындағы елдерді уақыт оздырмай, батыл қадам жасауға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай өңірдегі шамамен 2,5 миллион адам климат факторларының әсерінен қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына және порт инфрақұрылымына, сондай-ақ балық шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп сияқты салалар мен жағадағы елді мекендердің орнықты дамуына қатер төндіреді. Әңгіме салдары ауыр, тіпті ауқымды экологиялық апатқа ұрындыратын күрделі сын-қатерлер туралы болып отыр.

← Барлық жаңалықтар