Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Президент 5 заңға қол қойды

Еліміз саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы биыл референдумда қабылданған жаңа Ата заңның ережелерін жүзеге асыру мақсатында конституциялық заңға қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен құжаттардың арасында негізгі 5 заң бар. Ал бұған дейін айтылған нормалардың барлығы айқындалды. Сонымен, қоғам талқысынан шығып, депутаттар қостап, Президенттің мақұлдауынан өткен ережеде не айтылған?

Биылғы жылдың ең басты саяси науқанының өткеніне 3 айдай болды. Референдумда халық қабылдаған Ата заңымыздың ережелерін іске асыру үшін Президент 5 конституциялық заңға қол қойды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оның біріншісі – «Президент туралы». Бұл заң Президенттің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін айқындайды. Құжаттың басты ерекшелігі – вице-президент институтының құрылуы. Ол мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды. Екіншісі – «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң. Осы құжатқа сәйкес, Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Президент қол қойған үшінші құжат – «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң. Заңға сәйкес, Халық кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Ол кең ауқымды құзыретке ие, мәселен заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы. 42 өкілден тұратын кеңестің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

Сөзсіз, жаңа Конституция – уақыт талабына сай жаңарған қоғамның құндылықтары мен басымдықтарын айқындайтын құжат. Ата заңда адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың өзегіне қояды. Бұл идея негізгі заңның бүкіл мәтініне арқау болып, оның басты қағидатына айналды.

ЖАНДАР АСАН, САЯСИ САРАПШЫ:

Бұл заңдардың өте үлкен маңызы бар. Себебі аталған конституциялық заңдар Қазақстанның құрылымын нығайтуға, біздің саяси жүйемізді жетілдіруге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған өте маңызды құқықтық тетіктер болып табылады. Соңғы жылдары елімізде биліктің саяси институттарын нығайту бойынша бірқатар қарышты қадамдар жүзеге асырылып келе жатыр. Атап айтар болсақ, 2019 жылдан бері қоғамдық-саяси реформалардың пакеттері жүзеге асырылуда.

Заң күшіне енген соң елімізде вице-президент институты құрылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл лауазымды тұлға ведомстволармен өзара жұмыс барысында Президенттің мүдделерін білдіреді. Бұдан бөлек, оның айқындаған міндеттерін орындайды. Сарапшылар бұл ел тарихындағы ең ауқымды саяси реформалардың бірі екенін айтып отыр.

ЮЛИЯ КОСТЯНАЯ, ҚР ПІБ ЖАНЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ ИНСТИТУТЫ ЖЕКЕ ЗАҢНАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл мемлекеттің саяси жаңғыруы үшін маңызды кезең. Өйткені жаңа Конституцияның қабылдануы заңнаманы оған сәйкестендіруді талап етеді. Яғни Ата заң ережелері іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі үшін тиісті заңдар қабылданып жатыр деген сөз. Бұл құжаттар арқылы елдегі мемлекеттік басқару жүйесі неғұрлым тұрақты әрі түсінікті бола түседі. Себебі әрбір мемлекеттік органның өкілеттігі мен міндеттері нақты айқындалған. Сондай-ақ басты назар билік тармақтарының тұрақтылығына, үйлесімділігіне және өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге аударылған.

Бұдан бөлек, Құрылтайдың мәртебесі бекітілді. Енді санаулы айдан соң еліміз бір палаталы Парламент жүйесіне көшеді. Ал су жаңа заң шығарушы органға депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады. Халық қалаулыларының қызмет ету мерзімі 5 жыл. Парламентке мемлекеттік тілді жетік білетін депутат төраға бола алады. Ал оны мандат иелері жасырын дауыс беру арқылы сайлайды екен. Сарапшылардың сөзінше, алдағы уақытта елімізде белгілі бір заң қабылдау жеңілдеуі мүмкін. Бұл қосымша бюрократиядан құтқарады.

ЕЛДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Біз унитарлы мемлекет болғандықтан бұл мәселе бұрыннан қоғамда айтылып келе жатқан. Бір палаталы парламенттің унитарлы мемлекетке бір пайдасы деп айтуға болады. Ол – ықшамдығы. Заң шығару процестерінің кішкене жеделдеуі деп айтуға болады. Өйткені екі палаталы парламентте қанша дегенмен әр палатаның комитеттері болады. Заңды қарастыру ұзап кетеді. Кейде бізде бір заңдарды 1-2 жыл көлемінде орын алып жатады. Қазіргі бір палаталы Құрылтайда ол кішкене жылдамырақ бола ма деген сенім бар.

Президент қол қойған тағы бір заң – «Халық кеңесіне» арналады. Су жаңа орган атқаратын қызметі айқындалды. Енді оған мүше азаматтар Құрылтайға заң жобаларын ұсына алады, қандай да бір референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы. Сондай-ақ ішкі саясатқа қатысты да пікір айта алады. Бұдан бөлек, кеңеске елордадағы ауқымды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру міндеті жүктеледі.

МАРАТ БАШИМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жаңа Конституцияның мазмұнды әрі құқықтық бағытта әлеуеті айқын көрінетінін байқауға болады. Адам құқықтары саласындағы түзетулер барлық халықаралық талаптарға сәйкестендірілген. Бұл ең алдымен құқық үстемдігі, құқықтық мемлекет қағидаттары, экологиялық құқықтар, әлеуметтік-экономикалық құқықтарға басымдық берілгенінің дәлелі.

Ал Президенттің пайымынша, жаңа Конституция «Әділетті Қазақстан» құрудың, заң үстемдігін орнатудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты құқықтық негізі. Бұл еліміздегі саяси жүйені, сот билігін түбегейлі жаңартып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды реформа.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа Конституция елдігіміздің тірегі. Егемендігіміздің тұғыры болады. Оның әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түседі. Жаңа Ата заңды әділетті Қазақстанның төл құжаты деп десек, қателеспейміз. Мен ел Президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституцияға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін.

Президент бұдан бөлек елорданың мәртебесі туралы заңға және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңға қол қойды. Бұл құжаттар бас қаланың қызметін ұйымдастырудың, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын қалыптастыру мен дамытудың негізгі құқықтық тетіктерін айқындайды. Қорыта айтсақ, жаңа Ата заң – уақыт талабына сай жаңарған, қоғамның құндылықтары мен басымдықтары айқындалған еліміздің басты құжаты. Ал халық өзгерістерді көп ұзамай аңғарады.

← Барлық жаңалықтар