Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Депутаттың қожалығындағы қызметкер мүгедек болып қалған

Алты айдан бері арбаға таңылған азаматтың мұңы. Қызылорда облысында жұмыс кезінде алған жарақатынан мүгедек болған жан арнамыздан араша сұрады. 53 жастағы тұрғын егістіктен трактормен қайтып келе жатқанда жол апатына түскен. Қасында ауылдастары да болыпты. Бел омыртқасы сынған диқаншы төсек тартып, үш ай ауруханада жатқан. Осы аралықта шаруа қожалығының өкілдері бір рет төбе көрсетіп, 200 мың теңге ғана ұстатыпты. Содан бері ұшты-күйлі жоғалған басшылыққа шаруаның айтар шағымы көп.

Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылының тұрғыны Анарбек Шарапатовтың арбаға таңылғанына алты ай болыпты. Қатты соққыдан кейін трактордан құлаған шаруа ауруханадан бір-ақ шыққан. Бел омыртқасы сынған науқасты дәрігерлер үш ай емдепті. Қазір диқан үйінде, өздігінше жүре алмайды. Жақында ақ халаттылардың қорытындысымен I топ мүгедегі атаныпты. Осы уақытта шаруа қожалықтың басшылары бір мәрте ғана келіп, қаржылай көмек беріпті.

АНАРБЕК ШАРАПАТОВ, I ТОП МҮГЕДЕГІ:

Төрағамыз келді, екі жүз мың көмек беремін, әлдеде көмек болады. Барлығың бір-бір үйдің азаматысыңдар, асыраушысыңдар ғой деп уәде беріп кеткен. Бірақ уәде сол күйінде қалды. Көмек сұрап айттық, главный экономист бар, соған звондап айттым, маған матрац керек болып жатыр электронный, сосын жұмсақ койка керек болып жатыр деп едім, иә, алып беремін деп еді. Ол да аяқсыз қалды.

Шаруа қожалықтың өкілі болса, біз бір емес, екі рет қаржылай көмек бердік дейді. Жұмысшының мүгедек болуына әкеп соққан көлік апатын серіктестік басшылығы өндірістік жарақат деп те қарамай отыр екен. Керісінше, трактордың тіркеуін рұқсатсыз, қауіпсіздік техникасын сақтамай мініп алған дейді.

МОЛДАБЕК АХМЕТОВ, «ЖАҢА ЖОЛ» ЖШС ЗАҢГЕРІ:

Еңбек заңы бойынша әр адам еңбек қауіпсіздігі жөнінде сабақтан өтсе, ол түсіндірілсе, ол оқытылса, ол қол қойса, ол өзі орындауға міндетті еңбек заңының талабын дәл осы тірлік бойынша. ҚР еңбек заңында ешқандай да көрсетілмеген төтенше жағдайлар инспекторы қасында еріп жүреді деп, мың адам бола, үлкен зауыт болсақ қай жерде болса да.

Бұл дауға еңбек инспекциясы да қатысқан екен. Көлік апатын зерттеп, арнайы комиссия құрған инспекторлар бұл өндірістік жарақат деп қорытынды шығарған.

БАҒЛАН ЖҰМАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл жерде жұмыс берушінің кінәлігі жүз пайыз деп есептелініп, жұмысшының кінәлігі нөл пайыз деп есептелініп акт шығарылған. Актіге келіспей жұмыс беруші тарабы департаментке шағымданды. Келіспей тұрғандықтан, департамент басшысы тарапынан қорытындымен актінің күшінде жүз пайыз жұмыс берушінің кінәсі, жұмысшының кінәлігі нөл пайыз деп есептелініп, акті күшінде қалдырылған.

Еңбек инспекторлары мүгедектік тағайындалғанға дейін жұмыс беруші серіктестік тарапынан жұмысқа жарамсыздық парағын төлеуге міндетті дейді. Алдағы уақытта бұл мәселеге сот нүктесін қою қажет. Бір мезетте мүгедек атанған Анарбек Шарапатов болса, алдағы сот отырыстарына сенімсіздікпен қарайды. Себебі шаруа қожалықтың төрағасы облыстық мәслихаттың депутаты екен. Сол себепті іс аяқсыз қалуы мүмкін деген үрейден арыла алмай отыр.

← Барлық жаңалықтар