Алматыда ақылы автотұрақ екі есе қымбаттайды. Енді сағатына 200 теңге болады. Жауаптылардың айтуынша, баға 2016 жылдан бері, яғни он жыл бойы көтерілмепті. Ал осы уақыт ішінде мегаполистегі темір тұлпарлар саны бір миллионнан асып кеткен. Жаңа тариф көшелердегі кептеліске қарай белгіленбек. Мәселен, жүктемесі төмен аймақтарда бұрынғыша 100 теңге болып қалады. Орташа қарқынды учаскелерде 150 теңге, ал көлік көп жүретін жерлерде сағатына 200 теңгеге дейін көтеріледі. Айта кетерлігі, ақылы автотұраққа жақын жерде тұратындар үшін жеңілдік сақталады. Олар арнайы рұқсат рәсімдеп, тегін пайдалана алады.
ЕРЖАН ДИХАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жаңа жобаның басты мақсаты – көлікті екінші қатарға заңсыз қою мәселесін шешу. Бұл жүргізушілердің бос орын іздеп, уақыт жоғалтуын азайтады. Нәтижесінде қала орталығындағы кептеліс бәсеңдеп, жол қозғалысы қауіпсіз әрі қолайлы бола түспек. Сонымен қатар, шаһардағы экологиялық ахуал жақсарып, тұрғындардың қоғамдық көлікке деген ынтасы артады.
Тағы бір жаңалық. Енді көлігіңізді эвакуатор алып кетсе, айыппұлдан бөлек, тасымалдау қызметіне де ақы төлейсіз. Бұл тек заңды өрескел бұзып, айып тұрағына жеткізілген машиналарға ғана қатысты. Қандай темір тұлпар болса да, эвакуациялаудың бірыңғай құны 12 мың 975 теңге болмақ. Ал темір тұлпарды уақытша сақтау үшін бөлек тариф енгізіледі. Егер иесі көлігін сол күні кешкі сағат алтыға дейін алып кетсе, қалтасынан көк тиын да шығармайды. Ал белгіленген уақыттан асқан жағдайда, жеңіл көліктер үшін алғашқы тәулікке екі жарым, ал келесі күндері бес айлық есептік көрсеткішке дейін төлем алынады. Жүк көліктері үшін мұндай тариф тіпті жоғары болмақ.