Астананың аруларымен аялдамада танысқанда абайлау керек. Аңдамай сөйлесеңіз, арқаның қыздары атып тастауы мүмкін. Қоғамдық көлік тоқтайтын орынға қарумен келген әйел тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызды. Бойжеткеннің АК-47-ні оңды-солды кезеген бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарапты. Жұрт жүрексінген соң полицейлер автомат асынған арудың жеке басын анықтаған. Ал қолындағы қарудың ойыншық екені бөлімшеге жеткенде бір-ақ білген. Кейін елордалықтарды шошытқан келіншектің үстінен ұсақ бұзақылық бабы бойынша іс қозғалыпты.
ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың алаңдаушылығын тудыратын кез келген әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеліп соғатынын ескертеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда тәртіп нормаларын сақтауға және айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырамыз.