Сотталғандардың кейбірі бостандыққа шығуы мүмкін. Азаматтарға жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасалмақ. Парламент мақұлдаған заң жобасы енді Президенттің қол қоюына жолданды. Амнистияға кімдер ілігеді? Жазасы жеңілдейтіндер тізімі жасалды ма?
Қоғамды ізгілендіру жолындағы іргелі қадам. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты тағы да рақымшылық жасалады. Парламенттің қос палатасы талқылап, мақұлдаған заңда талай жанға үміт сыйлағалы тұр. Жалпы амнистия 15 мыңнан астам адамды қамтиды. Қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл және орташа қылмыс жасаған 4 мыңдай азамат жазадан босатылады. 10 мыңнан астам адамның мерзімі қысқартылады. Бірақ рақымшылық мүлдем ілінбейтіндер де бар.
АЙНАГҮЛ МАХМЕТОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚАЖД АРНАЙЫ ЕСЕП БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Рақымшылыққа ілінбейтіндердің қатарында сыбайлас жемқорлық қылмыстары, террористік және экстремистік қылмыс жасағандар бар. Сондай-ақ амнистия азаптау фактілері бойынша істі болғандар мен өмір бойына түрмеге қамалғандарға қолданылмайды. Жалпы заң толық күшіне еніп, азаматтар бостандыққа шыққан соң жергілікті атқарушы билікпен бірге оларға психологиялық және заң аясында көмек көрсетуге әзірміз.
Мамандардың сөзінше, жазасын өтеп жатқан азаматтарды еңбекке тарту маңызды. Тұрақты жұмыс сотталғандардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, бостандыққа шыққаннан кейін жаңа ортаға бейімделуіне де көмектеседі.
МАРЖАН ЕСҚАРАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚАЖД СОТТАЛҒАНДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Мекемеге келіп түскен сотталғандардың барлығы сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлерімен жұмысқа орналастырылады. Еңбек кодексінің заңнамасына сәйкес еңбекақылары өтеледі. Және алдағы уақытта босап шығып жатқан жағдайда жеке қоғамға бейімделуге оларға жеңіл болады.
Биыл тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық та жасалмақ. Оның аясында 1 миллионнан астам айыппұл кешіріледі. Бұл дегеніміз – бақандай 21 млрд теңге. Осы амнистияның шапағатын 1 млн-ға жуық адам мен 2 мыңнан астам бизнес субъектісі көреді.
ҚУАНЫШ ТІЛЕКБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Заң күшіне енгеннен кейін әкімшілік рақымшылық автоматты түрде жүзеге асырылады. Яғни, Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде қалыптасқан мәліметтер негізінде рақымшылыққа жататын баптар ескеріліп, арнайы тізім жасақталады. Одан кейін барлық рәсім автоматты режимде жүргізіледі. Сондықтан азаматтарға мемлекеттік органдарға жүгінудің немесе қандай да бір өтініш жазудың қажеті болмайды.
Ал сенаторлардың пікірінше, рақымшылық – заң талаптарын бұзғандарды ақтау емес, қателігін түсініп, түзелуге ұмтылған азаматтарға берілген мүмкіндік. Әсіресе қазіргі құбылмалы кезеңде мұндай қадам қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және азаматтарға жаңа өмір бастауға жол ашуға үлкен мүмкіндік болмақ.
АМАНГЕЛДІ НҰҒМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Әкімшілік амнистия дегеннің бар жағынан жақсылық ол. Жеке тұлғаларды осы өтпелі кезеңде, құбылмалы қаражат жөнінде, доллардың көтеріліп, түсуі кезінде бір құтқарып жіберіп, жақсы бір жақсылықтың ерте-кеші жоқ дейді. Заңды бұзбау, оның ішінде әкімшілік жазаға тартылмау, соның қалпын халқымыз түсініп, өзінің ыңғайымен алып кетсе екен деген ниетпен істеліп жатыр.
Жаңа құжат жаңылған жанға жөн сілтеп, жасаған ісінен сабақ алуына мүмкіндік бермек. Сенаторлар мақұлдаған заң жобасы Президентке қол қоюға жіберілді.