Мазмұнға өту
· 33 қаралым

Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғайды

Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек. Ата Заңға сәйкес, билік тармақтарының құрылымы қайта жасақталып, бірқатар жаңа мемлекеттік институт құрылады.

Бұл саяси реформа былтыр күзде басталған еді. Мемлекет басшысы заң шығарушы органды түбегейлі жаңартып, Сенатты қысқартып, бір палаталы парламенттік жүйеге көшуді ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан, мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді.

Көп ұзамай, яғни қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына заңгерлер, ғалымдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Қазан мен қаңтар аралығында 600-ге жуық ұсыныс түсті. Сондай-ақ Конституцияның өзге бөлімдеріне қатысты халықтан 2 мыңнан астам хат жолданды. Бұл қоғамның саяси тұрғыдан пісіп-жетілгенін аңғартты. Артынша 20 қаңтарда өткен Құрылтайда Президент жаңа саяси институттарды құру туралы бастама көтерді. Нәтижесінде Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына 130 адам кірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын дайындайды. Содан кейін жалпыұлттық референдум өткізілетін уақытты белгілейміз.

Конституциялық комиссия еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұсыныстарды қабылдады. Бас-аяғы алты отырыс өткізіп, Ата Заңның барлық бөлімдерін қамтыған 77 бапқа түзету енгізілді. Яғни Конституция мәтінінің 84 пайызы жаңарды. Атқарылған ауқымды жұмыстардан кейін Президент 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ел азаматтарының 87 пайызы, яғни 8 миллионға жуық адам жаңа Конституцияны қолдады. Саяси реформалардың сәтті жүзеге асуымен елімізді шет мемлекеттердің басшылары құттықтады. Олардың қатарында Түркия мен Ресей президенттері бар.

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Бүгін күшіне енген Ата Заңымыз 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек. Ата Заңымызға енгізілген өзгерістерге сәйкес билік тармақтарының құрылымы қайта жасақталып, бірқатар жаңа мемлекеттік институт құрылады. Сарапшылар жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Тек қана біздің қоғамда емес, бүкіл дүниежүзінде жасанды интеллект пайда болды. Интернетте басқаша стандарттар дамып жатыр. Сондықтан адамдардың арасындағы қарым-қатынас өзгеріп жатыр. Қоғам мен мемлекет арасында жаңа тәжірибе қалыптасуда. Сондықтан бізде де жаңа Конституция соның бәріне жауап беруі керек.

Сонымен қатар еліміздегі саяси реформаларға қатысты Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы да пікірін білдірді. Оның айтуынша, Конституция әр адамның өміріне тікелей әсер етеді. Өркендеу жолында халық пен биліктің бірлесіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосқаны өте маңызды.

ӨМЕР ҚОЖАМАН, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Конституциялық өзгерістердің мазмұнына назар аударсақ, ел үшін реформалардың маңызды екенін байқауға болады. Бірінші кезекте бұл қазақ халқының дамуына, өсіп-өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз. Реформатор ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі өте зор. Шын мәнінде, Түркі әлемінде, Түркі мемлекеттері ұйымының қуатты мүшесі болып табылатын Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы біз үшін өте маңызды.

VIII шақырылым депутаттары да елімізде болып жатқан саяси реформаларға қатысты пікірін білдірді. Мәселен, Асхат Аймағамбетов конституциялық реформалар ең алдымен билік пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығарады деген пайымда.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

Конституциялық реформа өте маңызды болды. Біз прогрессивті, жаңа кезеңімізге қажетті Конституцияны қабылдадық. Бұл — халықтық Конституция. Бұл — Мемлекет басшысының Конституциясы, бұл — барлығымыздың Конституциямыз деп толық айтуға болады. Үлкен үміт бар. Үлкен өзгерістер болады деп білеміз. Бұл өзгерісті іске асыратын — біздің қоғам, Қазақстан азаматтары. Әсіресе жастар.

Ал экс-депутат Мұрат Әбенов қыркүйекте жұмысқа кірісетін Құрылтайдың алдында жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. Осы тұста заман талабына сай соңғы технологияларды меңгеріп, халықпен тығыз жұмыс істеу өте маңызды дейді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

Электронды Парламент идеясы маған ұнады. Жалпы айтатын болсақ, алдағы уақытта әр депутат интернетті, әлеуметтік желіні және жасанды интеллектіні қолдана, түсіне білуі керек. Менің ойымша, партиялардың алдында жақсы, жаңа міндеттер тұр.

Реформаның басты мақсаты — халық пен билік арасындағы байланысты нығайту және саяси жүйені заман талабына сай жаңғырту. Сондай-ақ еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету. Алдағы негізгі міндеттердің бірі — Конституцияға енгізілген өзгерістерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру. Жаңа Ата Заңымыз мемлекетімізді одан әрі қарқынды дамытудың кепілі.

← Барлық жаңалықтар